Орталық Азия елдерінің басшылары үшінші апта түрлі интеграциялық платформалар аясында бас қосып отыр. Қытай мен Ресейде өткен саммиттерден кейін осы жұма Ыстықкөл жағасында Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен «С5+1» форматында кездесу үшін жиналды. «Орталық Азия-Еуропалық Одақ» саммиті екінші рет өтіп отыр. Алғашқысы былтыр қазан айында Астанада өткен. Сол жиында Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельдің «қазіргі жаһандық жағдай ЕуроОдақ пен Орталық Азияны жақындастырды» дегені есте. Жаңа форматтағы жоғары деңгейдегі кездесу жарты жылдан соң қайтадан ұйымдастырылып отырғанына қарағанда Еуропа үшін аймақтың маңызы, расында, артқан сыңайлы. Ұйымдасқан батыс елдерімен тиімді қарым-қатынас орнатуға Орталық Азия мемлекеттері де мүдделі. Айтпақшы, саммиттің алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишель «жабық есік» форматында екі жақты кездесу өткізген. «Олар жаһандық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасты» делінген «Ақорда» таратқан қысқа ақпаратта.
Еуропалық кеңес – Еуроодақтың жоғарғы саяси органы. Оның басшысы қызметіндегі тұлға Орталық Азияға сирек келетін. Бірақ Еурокеңестің қазіргі президенті Шарль Мишель жарты жылда аймаққа екінші рет сапарлап отыр. Тұтас құрлықтағы тұрақсыз геосаяси ахуал мәжбүрлеп жатқан сияқты. Кейінгі бір жарым жылда халықаралық саяси қарым-қатынас та, сауда-экономикалық байланыс та өзгерді. Тиісінше Орталық Азия аймағына деген қызығушылық арта түскендей.
Думан Жекенов, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы:
Осының барлығы жаһандық деңгейде болып жатқан жаңадан тәртіп орнату мәселесіндегі біздің ОА-ның маңыздылығы артып келе жатқанын көрсетеді. ЕО үшін ОА-дан керегі – шикізат энергия ресурсы және ОА арқылы өтетін тауарлар тізбегінің тұрақтылығы. Осыдан артық ештеңе керек емес.
ЕуроОдақ жалпы Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның да ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. Орталық Азия мен ЕуроОдақ елдері арасындағы тауар айналымы былтыр 60 пайыз артып, 50 млрд долларға жуықтаған. Оның едәуір бөлігі Қазақстанға тиесілі – былтыр 40 млрд доллар болыпты. Оны 2025 жылға дейін 50 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік бар деді Қ.Тоқаев, С5+ форматындағы екінші саммитте. Ал Еуропадан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі былтыр 23 пайыз өсіп, 12,5 млрд долларға жеткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанда трансұлттық корпорацияларды қоса алғанда, еуропалық капиталдың үлесі бар 3 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Жан-жақты серіктестігіміз сирек кездесетін металдарды игеру мен «жасыл» сутегін өндіру сияқты стратегиялық маңызды салалардағы жаңа келісімдермен нығайып жатыр. Бұл бағыттағы серпінді жоба ретінде Қазақстанда 3 млн тонна «жасыл» сутегін өндіруге арналған зауыт салынып жатқанын атап өтуге болады. Ол Еуроодақтың осы өнімге сұранысының 20 пайызға жуығын өтей алады.
«Қытай – Еуропа» бағыты бойынша транзиттік тасымалдың 80 пайыздан астамы Орталық Азия аумағынан өтеді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағыты стратегиялық маңызға ие деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Әрі осы дәлізді Трансеуропалық көлік желісімен және «Global Gateway» бастамасымен ұштастыруды ұсынды. Ол үшін Орталық Азия мен Еуропалық Одақ мемлекеттері арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту стратегиясын әзірлеу керек деді.
Гүлнар Байкүшікова, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің аға оқытушыcы, Phd:
Қазақстан қазіргі таңда Батыс Қытай-Батыс Еуропа дәлізінде орналасқан мемлекеттердің бірі. Бірақ бұған балама ретінде басқа да теміржолдар салынып жатыр. Сондықтан Қазақстан үшін тағы Еуропа Одағымен бұл салада көлік-транспорттық ынтымақтастықты дамыту басым бағыттардың бірі болып отыр.
Президент Германияға тасымалдайтын мұнай көлемін жылына 1,2 млн тоннаға дейін арттыруға әлеуетіміз бар екенін де айтты. Бұған дейін жыл соңына дейін тек 200 мың тонна мұнай жөнелтілетіні айтылып жүрген. Жыл басынан бері Қазақстан «Достық» құбыры арқылы Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына 90 мың тонна мұнай жеткізгені белгілі. Сарапшылар Еуроодақтың санкциясына іліккен Ресей мұнайын Қазақстан толық алмастыра алатынын көптен болжап келеді. Дегенмен «Достық» құбыры Ресейдікі болғандықтан, мұнай көлемін арттыру үшін солардың рұқсаты керек.
Мемлекет басшысы мұнай мен газды Еуропаға жеткізу үшін әртүрлі бағыттарды дамыту қажеттігіне де тоқталды. Қазір Еуропаға экспортталатын Қазақстан мұнайының 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы жөнелтіледі. Ресей арқылы өтетін бұл құбыр былтырдан бері бірнеше рет кенет тоқтап қалатынды шығарған. Соны меңзесе керек, Президент «осы құбыр арқылы мұнайдың ұзақ мерзімді және тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін ЕуроОдақтан әрі қарай да қолдау» күтетінін айтты.
Жан Көшербаев, халықаралық саясат сарапшысы:
Қазір Қазақстанға осындай ірі көлемді экспорттайтын КТК-ға балама болатын, оны алмастыратын жол жоқ. Егер сол КТК болмаса біздің мұнайымыз тоқырап қалады, оның жолы жабылып қалады. Сондықтан конфронтациялық әңгімелерді қойып, санкциялық риторикаларды қойып, тек экономикалық прагматизмге негізделген саясатты жүргізу керек деген мәселені меңзеп отыр Президент.
Орталық Азияның табиғи ресурстарына Еуропаның өзі мұқтаж. Ресейдің мұнай-газынан бас тартқалы олар энергетикалық дағдарыс алдында тұр. Сондықтан аймақ елдерін екінші деңгейлі санкциялармен қысу – өздеріне тиімсіз болуы мүмкін дейді халықаралық саясатты зерттеуші.
Думан Жекенов, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы:
Бір қолымен санкция салғысы келеді, бір қолымен энергетикалық ресурстар алғысы келеді. Неғұрлым өздерінің қарсыласы болып отырған Ресейдің тез әлсірегенін қалайды. Сондықтан олар ОА арқылы арқылы санкцияны айналып өтіп жатқан дәліздерді жабуға тырысады. Бірақ екінші жағынан шынымен де олар энергетикалық ресурс тұрғысынан әлемдік көлік дәлізінің немесе тауар айналымының тізбегіне тәуелді. Егер ОА аймағы арқылы өтіп жатқан тауар тізбегі бұзылып қалатын болса, онда ЕО өзі де бір жақ шетінен шектелініп қалады.
Бірақ белгілі бір тауар немесе қызмет түрлеріне жанама санкция салыну ықтималдығын жоққа шығаруға да болмайды дейді сарапшы.
Әйтсе де саммитте сөз алған ЕуроКеңес президенті Шарль Мишельдің Орталық Азия елдерінің алпауыт серіктестерімен тарихи тұрғыдан орнап қалған тығыз қарым-қатынасын түсінетінін айтқаны санкция қатерін сәл сейілткенге ұқсайды.
Шарль Мишель, Еуропалық кеңес президенті:
Біз қиын кезде кездесіп отырмыз. Украинадағы шиеленіске қатысты аймақ елдерінің позициясы әрқилы екенін білемін және әрқайсының ұстанымын құрметтеймін. Ал Еуроодақ Украинаға көмектесуін жалғастыра береді.
Халықаралық саясаттағы тұрақсыздық Орталық Азия елдеріне әлемдік геосаяси ойыншылардың арасында бұрынғыдай теңгерім сақтауға қиындық тудырып жатқанын айтады сарапшы Думан Жекенов. Сол үшін аймақтағы мемлекеттер өзара ұйымдаса білуі керек дейді.
Думан Жекенов, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы:
Кейде біз ОА елдері бірігеміз, туыс мемлекетпіз, «Өзбек – өз ағам» немесе «қазақ-қырғыз бір туған» деген сияқты әңгімелерді айтып жүргенімізге қарамастан, саяси-экономикалық тұрғыдан бізде интеграция жоқ. Біздің экономикалық тізбектер бір жақты құралған. ОА-ны жеке аймақ ретінде қарайтын болсаңыз, ішінде бірімен-бірі қайнап жатқан сауда-саттық та жоқ. Бірақ бір қуанатын нәрсе, осы қазір болып жатқан сыртқы факторлар біздің ОА-ның бірігуіне алып келетін тәрізді.
Геосаяси акторлардың ішінде алғаш болып дәл осы Еуропа Орталық Азияны тұтас аймақ ретінде қарастыра бастаған. 2007 жылы ЕуроОдақтың Орталық Азияға арналған стратегиясы қабылданды. 2019 жылы бұл құжат жаңартылды. Былтырдан бері екі жақты қарым-қатынас С5+ форматындағы саммитпен толығып отыр. Мұндай форматтар Орталық Азия елдерінің өзара байланысын да жақындастыра түскен сияқты.
Мұны кешегі кездесуде Қазақстан Президентінің «геосаяси шиеленіске қарамастан аймақ елдері арасындағы диалогтың күшеюінде Еуропалық Одақтың атқарған рөлі зор» дегенінен аңғаруға болады.
Данияр Қайыртай