Қарағандыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу митингі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу митингі өтті

31.05.2023

Қарағандыдағы Спасск мемориалы басында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған реквием митинг өтті. Шараға бірнеше елшіліктердің өкілдері, тоталитарлық жүйенің құрбаны болғандардың ұрпақтары, туыстары қатысты.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Қарағанды жерінде өткен ғасырдағы тоталитарлық жүйенің нышаны Қарағанды лагері ғана емес. Спасскі төңірегінде мұрағат мәліметтері бойынша, 5000 астам саяси тұтқын жерленген. Зиратта 50-ден астам ұлттың өкілдері жатыр. 1994 жылы алғаш рет Жапония мен Германия бірінші болып осында ескерткіш белгісін қойды. Ал 2004 жылы мұнда ресми түрде мемориалдық стелла қойылған еді. Қазір кешенде 28 елдің қойған ескерткіш белгілері бар.

Рудолф Гикл, Чехия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары күні мұндай шараның өткізілуі өте маңызды. Біз тарихты ұмытпауымыз керек.Тоталитарлық жүйе құрбандарының арасында қаншама талантты жандар, мықты ғалымдар, зиялыларымыз кетті. Біздің елдің де біраз азаматтарының тағдыры осы қазақ жерімен байланысты. Бірқатары осы қорымда жатыр. Өткенімізді саралап, оған әділ баға беру парызымыз.

Жыл сайынғы дәстүрге айналған реквием митингке облыс басшылары мен Венгрия, Словакия, Чехия, Польша, Хорватия, Румыния және Балтық жағалауы мемлекеттерінің елшіліктері құрамындағы Еуроодақ елдерінің өкілдері қатысып, ескерткішке гүл шоғын қойды. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 25 мыңы ату жазасына кесілген. Талайының тағдыры осы Қарағанды аумағындағы лагерлерде шешіліп, осы жерден топырақ бұйырған.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу