Түркістан облысында мақташылар күзде өткізген өнімдерінің ақшасын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында мақташылар күзде өткізген өнімдерінің ақшасын ала алмай жүр

29.05.2023

Түркістан облысының Жетісай мен Мақтаарал аудандарында шаруалар сегіз айдан бері мақталарының ақшасын даулап жүр. Ақ адал еңбектің ақысын ала алмағандар биыл егін салу үшін амалсыз банкке кіріптар болып несие алған. Ал зауыт иелері өнімді өткізе алмадық деп қол қусырып отыр. Күзден бері ақшасын ала алмай төзімі түгесілген шаруалар енді мақта зауыттарының есігін торуылдап жүр. Қаржыдан қысылған диқандар биыл мақта егу үшін үйлерін кепілге қойып, банктен несие алуға мәжбүр болдық деп ашынады.

Базаралы Смайылов, шаруа:

Нимекс зауытына мен күздің күні қазанның ішінде 50 тонна мақта өткізгенмін. 50 тонна мақтадан қазір бір тиын ақшамды берген жоқ. Күніге ендігі апта ендігі аптамен, міне, сегіз ай болды. Мақтаны еге алмай басқа банктерден қарыз алып, мен қазір пайыз төлеп отырмын. Су бермейміз бе, селитра бермейміз бе. Селитра алатын ақшам жоқ қазір. Не істеймін енді мен?

Сәкен Ақылтаев, шаруа:

Қыркүйекте өткізген ақшамыз. Міне, қазір май бітіп маусым айы болып жатыр. Әлі жоқ. Ал жұрттардың құтыла алмай қалған ақшасына 30 процент өсімпұл қояды. Неге олар бізге 30 процент көлемінде өсімпұл бермейді. Завод басшыларына айтайын десек біреуін таппаймыз.

Мақта егерде зауыттардан қарыз алғандар да бар. Бірақ өнімі жаңбырға қалып, өткізе алмаған. Енді қарыздан құтылу былай тұрсын, пайызды өтемесең жеріңен айрыласың деп қорқытып отыр дейді диқандар.

Мейірбек Ілиясов, шаруа:

Барлық мақтамызды апарып тасырдық. Қалғаны болмай қалды. Биыл құтыламыз ба деп отырсақ, үстіне 4 млн теңге өсімпұл қойып тастаған. Оны қайтып құямын? Келісімшартқа қол қоймаймын десем, мүлкіңді тәркілеймін, сатамын дейді.

Қазына Ахметова, шаруа:

Маған 1 млн 250 мың процент қойып берді, 30 пайызбен. Ондай пайыз банкте жоқ. Енді мен 4 млнға қосып, 5 млн 250 мың теңге төлеуім керек.

Бір ғана Жетісай ауданында мақта зауыттарының шаруаларға қарызы 2 млрд теңгеге жеткен. Қазір соның 73 млн теңгесі өтелмеген. Ал зауыт қожайындары болса, трейдерлік компаниялар тарапынан-ақ алтынға сұраныс жоқ дейді.

Берік Қадырәлиев, мақта зауытының өкілі:

1 мың тонна талшықтан компаниялар негізінде 55-60 млн-ға шейін шығынға кіріп отырмыз. Өткен жылы жиналған мақтаның 60 пайызы әлі сатылмаған. Екі айдан кейін мақта терім басталады. Ол мақтаны қайда жіберетінімізді, не істейтінімізді де білмей отырмыз.

Қазір мақтаға тек Қытайдан ғана сұраныс бар. Сатып алушы болмаған соң олар бағаны екі есе төмендетіп жіберген. Тығырыққа тірелген шаруалар мәселенің Үкімет деңгейінде қаралуын сұрайды.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу