Түркістан облысы Ордабасы ауданының шаруалары өнімінің ақшасын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы Ордабасы ауданының шаруалары өнімінің ақшасын ала алмай жүр

29.11.2022

Қарыздың кезегінде жүрген мақташылар да әбден қажыған. Түркістан облысы Ордабасы ауданының шаруалары өнімінің ақшасын ала алмай жүр. Жаз бойы еңбектенген олар «табан ақы маңдай теріміздің өтеуі болмай ма» деп алаңдаулы. Дақылды өткізуге делдалдық жасайтын компания болса мақта талшығын пұлдай алмадық деген желеумен берешегінен құтылуға асығар емес.

40 гектар жерден өнім жинаған Лесхан Тоқсанбаев мақта үшін әлі бір тиын алмаған. Өнімді түгел осы қабылдау пунктіне өткізді. Одан бөлек жиын-терім кезінде техникаларымен жалданып, жұмыс істеген, алайда оның ақысы да берілмепті.

Лесхан Тоқсанбаев, шаруа:

Осындағы халықтың мақтасын тергем түгел. Және тасымалым бар. Трактормен тасып осында өткізгем. Бұлардың да ақшасы жоқ. Сонымен сандалып жүрміз. Ұрсысып, айқайласып, төбелесіп қайтамыз.

Төрткүл ауылында Лесхан секілді 80-нен астам шаруа ақшасын кімнен дауларын білмей дал. Компанияның кеңсесіне барса, басшысы қашып кетеді, ал қабылдау пунктінің меңгерушісі жауаптан жалтарады.

Мақта қабылдау пункті көктемде өнімнің тоннасын 250 мың теңгеден сатып аламын деп шаруаларға уәдені үйіп төккен. Ал күзде баға қамбаттаса, нарыққа сай айырмасын да өтеп беретін болған.

Қайым Нұржанов, шаруа:

Келісілген ақша түгілі 250 теңгеден авансын да бірген жоқ. Көп адам қатты қиналып қалды. Көмір алатын ақшасы жоқ, киім алу керек балаларына, тіпті азық түлігі де жоқ. қаншама адамның кредиті бар.

Қабылдау пунктіне биыл мың тоннадан астам өнім жиналған. Оның 700-дей тоннасын қожайындары сатуға әлдеқашан әкетіп қалған.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Биылғы жинаған өнімінен тұтастай айырылып қалудан қорыққан шаруалар енді қабылдау пунктінде қалған аз ғана өнімді ешкімге бермей сақтап отыр. Аузы күйген диқандар оны азанды-кеш өздері қарауалдауға көшкен.

Мәселеден жергілікті билік хабардар. Бірақ шаруаның алашағын айырып беретін қауқары жоқ.

Әбілдә Әлібеков, Ордабасы аудандық аш, ветеринария және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

«Ақбура конракшн» басшылығына бірнеше мәрте бардық шаруалармен. Бірақ келісімге келе алмадық. Себебі мақтаның нарықтағы бағасы айқындалмауына байланысты деген уәж айтып отыр.

Бұл жағдайдың кесірі келесі жылғы егіске де тигелі тұр. Өйткені ақша ала алмағаншаруаның алдағы көктемде техникасын сайлап, жер жыртуға да шамасы жоқ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу