Қазақстанда биыл 172 мың түлек мектеп бітіреді. Олар соңғы қоңырау сыңғырын әдеттегідей 25-мамыр күні емес, 1-маусым естиді. Бүгін жауапты министрлер оқу жылының аяқталуы бойынша Үкімет отырысында есеп берді.
Айя Мүтәлі, тілші:
Салтанатты шара бұдан былай 1 маусымға, яғни Балаларды қорғау күнінде атап өту жоспарланған. Яғни, оқу жылы 34 аптадан 36 аптаға ұзартылып отыр. Мұны оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім ошақтарын 5 күндік оқу аптасына көшумен байланыстырды. Ата-аналар демалыс күндерін балаларымен өткізу үшін осындай өтінішті көптеп жолдаған екен. «Жаңа ереже арқылы оқушылардың жүктемесін азайтуға болады», - дейді министр. Сондай-ақ әлем елдерінің тәжірибесін мысалға келтірді. Көптеген мемлекетте оқу жылы 40 аптаға созылады. Олар жазғы каникулда 77 күн ғана демалса, еліміздің оқушыларына 90 күн демалыс белгіленген. Айтпақшы, биыл Қазақстан мектептерінде 3,7 млн астам оқушы оқу жылын аяқтайды. 11-сыныпты – 172 мың түлек бітіреді екен. Ал оның ішінде 6,8 мың түлек «Алтын белгіге» үміткер.
Айя Мүтәлі