Еуропа елдері жол апатын азайтуға күш салмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдері жол апатын азайтуға күш салмақ

22.05.2023

Еуропалық Одақ елдері жол апатын азайтуға күш салмақ. Себебі, қарт құрлықта былтыр бір жылда жол-көлік оқиғасынан 25 мыңнан астам адам қаза тапқан. Аман қалған 135 мың адамға медициналық көмек көрсетілген. Тақтайдай тегіс, сапалы салынған күрежолда апатқа ұшырап, жан тапсырып жатқандардың өліміне не себеп?

Бір ажалдан аман қалғандардың бірі Изабель Печуто. 48 жастағы Париж тұрғыны көлігінен түсіп, есігін жауып жатқанда артынан соққан аудидің екпінімен 32 метрге ұшып кеткен. Реанимацияда 2 ай жатып, есін жиғанмен, жадын жоғалтқан. Миына қатты зақым келген, сынбаған жері жоқ.

Жан Люк Терран, Изабельдің жолдасы:

Ауруханада жатқанына бір жыл болды. Жүре алмайды, мүгедек. Ішімдікке сылқия тойып, жылдамдықты асырған көлік жүргізушісінің кесірінен осындай күйге душар болды.

Еуропада жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі рөлге мас күйінде отырған жүгенсіз жүргізушілердің кесірінен-дейді полиция қызметкерлері.

Патрик Де Тиллио, аға инспектор:

Жылдамдықты асырып, көлікпен жарысатын жастардың жауапсыздығынан талай жанның өмірі қыршынынан қиылып жатыр. Германияда 26 жастағы жігіт жақында өмір-бақи бас бостандығынан айырылды. Жазаны әлі де күшейтуміз керек.

Қарт құрлықтың өзге елдерінде жол-көлік оқиғасына кінәлілер 5 жылдан 25 жылға дейін темір торға тоғытылып, қомақты айыппұл төлейді.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Жол апаттарының алдын-алу үшін қарт құрлық елдері қазір күре жолдарда 70, ал қалада жүру жылдамдығын сағатына 30 шақырым етіп азайтып жатыр. Тәртіпке бағынбағандарға 20 еуродан 1000 еуроға дейін айыппұл салынады. Ережені бірнеше рет бұзғандар жүргізуші куәлігінен айырылады.

Заңды қатайтудың нәтижесінде соңғы 10 жылда Еуропада жол-көлік оқиғалары екі есеге азайған. Еуропарламент бекіткен жаңа заңға сәйкес, келесі жылдан бастап Еуропа нарығында сатылатын барлық көліктерге 30 жаңа технологияны енгізу міндет. Апатты жағдай орын алғанда автоматты түрде басылатын тежегіш жүйесі, тіпті ұшақтағыдай оқиғаның қалай орын алғанын жазып отыратын қара жәшік те орнатылуы тиіс. Еуроодақ басшылары осындай ақылды технология мен қатаң ережелердің арқасында «2050-жылға қарай қарт құрлықта жол апатынан ешкім опат болмайды», -деп отыр.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу