Қазақстандық кәсіпорындар шикізаттан таршылық көріп отыр. Отандық машинажасаушылар өндіріске керегін шетелден тасуға мәжбүр екенін жеткізді. Айтуларынша, елдегі металургтер шағын және орта кәсіпкерлердің тапсырысына қызықпайды. бұл тауардың өзіндік құнын көтеріп, отандық нарықтағы орнын алуға кедергі келтіріп отыр.
Қазақстанда өнеркәсіп саясаты жұмыс істеп тұр. Қарапайым тілмен айтқанда, өндірісте отандық үлес болуы шарт. Үкімет түрлі жеңілдік беру арқылы ірі зауыттарды Қазақстанда жасалған жабдықтар мен бөлшектерді қолдануға итермелейді. Оның үстіне, жергілікті өндірушімен жұмыс істеу тасымал және өндіріс шығынын азайтады. Бұл – әлемдік тәжірибе.
Мейрам Пішембаев, Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы:
Автомобиль жинайтындардың өз жұмысы бар. Олар машина жинап, жыл сайын оны өзгертіп отыруы керек. Жаңалықтарды енгізіп отыруы керек. Жұмысы жетіп жатыр оның. Автокомпоненттерді басқалар жинауы керек. Бүкіл дүниеде солай. Біздің де мақсатымыз – онда ең тиімді болатыны, кіші бизнес сонда жұмыс көзін тауы керек.
Бірақ бізде бұл механизмнің шағын және орта бизнеске тигізетін пайдасы аз. Өйткені, біздегі өндіріс тізбегі әу бастан жүйесіз құрылған. Нәтижесінде сала мамандары қиыншылық көріп келеді дейді отандық кәсіпкерлер.
Темірлан Дәркембаев, зауыт директоры:
Ірі өндірушілер біз сияқты шағын және орта кәсіпкерлермен жұмыс істегісі келмейді. Өйткені тапсырыстың көлемі кішкентай. Қызықтыру үшін 2-2,5 мың тоннадан бастау керек. Сондықтан біз шикізатты шетелден тасуға мәжбүрміз. Нәтижесінде жол шығынынан, уақыттан ұтыламыз. Өткенде 8 көлігіміз еш себепсіз Иран шекарасында 4 апта тұрып қалды.
Шикізат жеткізуішілер келіскен күннің өзінде тапсырыстың толық құнын алдын-ала төлеуді талап етеді. Ал, тендер жариялаған мекеме зауытқа көбіне аванс бермейді. Одан бөлек, зауыт өз қаражатына дайындаған өнімді кәсіпорын қабылдайтынына да кепіл жоқ. Осындай жағдайдағы компаниялар шетелдік алпауыттармен бәсекелесуге қауқарсыз. Сондықтан арнайы жоспар дайындалып жатыр.
Әлихан Абақанов, «Qazindustry» орталығы төрағасының орынбасары:
Отандық тауар өндірушілер қолжетімді бағамен өзімізде өндірілетін шикізатпен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда жаңадан қабылданған өнеркәсіптік саясат туралы заң шеңберінде отандық шикізат өндірушілер мен ол шикізатты өңдеушілер арасында келісім негізінде қамтамасыз ету көзделеді. Кешенді жоспар негізінде бұл одан ары қарқындауы тиіс.
Аталған құжатта саланы дамытудың негізгі шарттарын қамтамасыз ету, ішкі нарықта отандық өнімдерге сұраныс арттыру және экспортты ынталандыру көзделген. Нормалар пысықталған соң қоғамдық талқылауға шығарылады.
Серік Селеубайұлы