Қостанайдағы Марал ишан мешіті – киелі нысандар картасына енген тарихи жәдігерлердің бірі. Ерекше сәулеті әлі күнге дейін сақталған. 19 ғасырда бой көтерген ғимарат сән салтанаты келісіп, қалаға көрік беріп тұр.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Марал ишан мешіті Қостанайдағы ең көне ғимарттардың бірі. 1893 жылы салынған. Содан бастап 1931 жылға дейін мұсылман қауымына қызмет етті. Алайда кейін Кеңес үкіметі әбден орныққан соң өзінің негізгі міндетін әрі қарай атқару мүмкін болмады.
Коммунистік идеология ызғарымен сол 1931 жылы азан үні үзілді. Ғимарат клуб және кинотетрға берілді. Соғыс жылдарында эвакуация орталығына айналды. Соғыстан соң жас көрермен кинотеатры, сексенінші жылдары облыстық филармония орналасты. Тек 1991 жылы қайтадан мешіт болып ашылды. Бірақ 2016 жылы облыс орталығынан үлкен жаңа мешіт салынғасын, көне ғимарат өзінің негізгі жұмысын тағы тоқтатты.
Бектұрсын Уәлиев, Марал ишан мештінің имамы:
Құрылыс жұмыстары жүрді. Халық мұражай болады, деді. Құжат бойынша солай болды да. Тек 2022 жылдың 30 желтоқсаны күні Алланың қалауымен қайтадан мешіт ретінде халыққа есігін ашты.
Мешіттің аумағы 800 шаршы метр. Ғимараттың еденінен төбесіне дейінгі биіктігі 4 жарым метр. Мұнарасының биіктігі 20 метрге жуық. Тарихи дерек бойынша оның салынуына ағайынды татар көпестері – Яушевтер бастамашы болыпты.
Ақылбек Шаяхметов, ақын, қала тұрғыны:
Негізінен олар идея берген де, сол идеяны біздің болыстар, байлар іліп әкеткен. Соның ішінде Жаманшалдың Смайылы деген, Мінайдар деген болыстар болған. Бұл мешіт, осы Қостанай маңында тұратын қазақтардың ақшасына салынған деп толық айтуға болады.
Ақ кірпіштен салынғандықтан нысан халық арасында Ақмешіт атанған. 2002 жылы белгілі дін қайраткері Марал ишан Құрманұлының есімін иеленді. Биыл Қостанай жұрты мешіт үйінің 130 жылдығын атап өтпекші. Құран жарысы ұйымдастырылып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіледі. Жалпы Қостанай қаласында сәулет ескерткіші саналатын 32 ғимарат бар. Олардың бәрі мемлекет қорғауына алынған.
Дәуренбек Әбдібек