Қытай Орталық Азияға қауіпсіздікті нығайту үшін көмек көрсетуге дайын. Ал аймақ елдері өңірді геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсы. Бүгін Сиань қаласында «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтіп, маңызды декларация қабылданды. Сонымен қатар Қытай - шығыстағы көрші аймақ елдерінің дамуына 26 млрд юань бөледі. Аймақтағы бес мемлекет: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз, Тәжікстан, Түркіменстан. Сиань саммитіне арнайы келді. Бұл жолғы жиынның жөні бөлек. Мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы кездесу. Орталық Азиядағы әр мемлекет үшін Қытай маңызды серіктес. Өйткені әлемдегі аса ірі инвестор. Жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекетпен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту керек деді Президент. Қасым Жомарт Тоқаев саммит аясында ынтымақтастықтың 9 бағытын ұсынды. Әуелі тауар айналымын арттыру. Былтыр аймақтың Қытаймен сауда-саттығы 70 млрд долларға жеткен. Оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Бұл санды тағы да еселеу керек деді айтты Президент. Оған барлық елдердің әлеуеті жетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни, 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз.
Алыс-берісті арттырудың тағы бір тәсілі – электронды сауда. Президент онлайн сауданы дамыту үшін біздегі тауар қоймаларын пайдалануды ұсынды. Осылай тасымал уақытын едәуір қысқартуға болады. Үшінші бағытты Президент көлік логистика саласымен байланыстырды.
Мэлс Төрегелді, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің басқарма басшысы:
Бірнеше күн контейнерлер күтіп тұрады Америкаға кету үшін. Ал бұлар енді құрғақ жермен инфрақұрылым іздеп жатыр. Өз тауарларын Еуропаға 14 күнде жеткізуге болады жермен. Ал мынамен 45 күн жүреді кемелер мысалы.
Орталық Азия мен Қытай арасында өнеркәсіп саласын дамытудың жоспары керек десті тараптар. Мемлекет басшысы арнайы жоба әзірлеуді ұсынды. Президент тағы бір маңызды саланы атады. Энергетика. Қазақстан тарапынан ірі жобалар көп. Айталық «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді газ құбырының екінші тармағын салу міндеті тұр. Президент бұл бастамаларға қытайлық әріптестер қолдау көрсететіне сенім білдірді.
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
Орталық Азия аймағы бұл Қытай үшін бұл энергетикалық ресурстық аймақ болып о бастан көрініс тапқан, 1990 жылдардан бері. Сол себепті олар, отын энергетикасына, мұнайға көп жағдайда көңіл аударып отыр. Біз де ұлттық мүддедегі шикізат қорларын сақтай білуіміз керек, дұрыс бағамен сата білуіміз керек.
Азық-түлік мәселесі әлемде бірінші орында. Себебі жаһандық нарық жиі құбылып тұр. Тоқаев саммитте осы мәселеге де тоқталып, аймақ елдерін ынтымақтастықты нығайта түсуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынамын. Агроөнеркәсіп саласында цифрлық және «жасыл» технологияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн. Бұл істе қытайлық серіктестеріміздің тәжірибесі мен мүмкіндігі аса қажет.
Орталық Азия елдеріне ортақ тағы бір проблема бар. Ол - су. Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауыз суға мұқтаж болуы мүмкін. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. Сарапшылар біздің аймағымыздың тез жылынып бара жатқанын айтып отыр. Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет.
Президент «Жібек жолы» туристік операторларының тізімін жасауды да ұсынды. Қытай туристері бір сапарда Орталық Азияның бірнеше еліне баруы үшін туристік кластер құру қажет деді. Қауіпсіздік. Президент бұл мәселеге ерекше екпін берді. Әрі өңірді геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсы екенін жеткізді. Қытай төрағасы да қауіпсіздік мәселесіне қатысты ұстанымын айтты.
Си Цзиньпин Қытай Халық Республикасының Президенті:
Орталық Азияның қауіпсіздікке, бейбітшілікке, үйлесімділікке деген ұмтылысы бүкіл әлемнің қолдауына ие болуы керек. Біз біртұтас және бір-бірімізге барлық жағынан көмектесуіміз тиіс. Қытай Орталық Азияға қорғаныс пен қауіпсіздікті нығайтуда, терроризмге қарсы күресте көмекке дайын.
Си Цзиньпин Орталық Азия елдерінің дамуына 26 миллиард юань бөлетінін мәлімдеді. Әрі аймақ елдерін Жібек жолы жобасына қатысуға шақырды. Сонымен қатар бірлескен жоғары технологиялық кәсіпорындар мен инновациялық парктер құруды ұсынды. Жиын соңында тараптар маңызды Сиань декларациясына қол қойды. Ал мемлекеттер басшылары саммит аясында екі жылда бір рет кездесуге уағдаласты. Келесі отырыс 2025 жылы Қазақстанда өтеді. Саммитке қатысушы мемлекеттер басшылары Сианьда ағаш отырғызды.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Осыған дейін 6 ел бұлай жеке кездесе алмады, тек онлайн режимде ғана отырыс өткізіп келді. Ал Сианьдағы бұл саммит мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы кездесу. Іргелі құжаттардың дені бүгін бекігені де содан.
Асима Нұрбайқызы