Қытай Орталық Азия елдерінің дамуына 26 млрд юань бөледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай Орталық Азия елдерінің дамуына 26 млрд юань бөледі

19.05.2023

Қытай Орталық Азия елдерінің дамуына 26 млрд юань бөледі. Бүгін Сиань қаласында «Орталық Азия - Қытай» саммиті өтті. Онда елдер арасындағы байланысты нығайту жолдары қаралды. Тағы қандай мәселелер көтерілді?

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Жаңа ғана маңызды жиын аяқталды. Аймақтың бес мемлекеті шығыстағы көршімен қарым-қатынасты жан-жақты талқылады. Шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан мен Түрікменстан елдерінің президенттері және Қытай төрағасы қатысты. Тараптар маңызды Сиань декларациясына қол қойды. Өйткені бұл мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы кездесу.

Қытай басшысы Си Цзиньпин Орталық Азия елдерінің дамуына 26 миллиард юань бөлетінін мәлімдеді. Әрі аймақ елдерін Жібек жолы жобасына қатысуға шақырды. Сонымен қатар бірлескен жоғары технологиялық кәсіпорындар мен инновациялық парктер құруды ұсынды.

Ал Қасым Жомарт Тоқаев ынтымақтастықтың 9 бағытын ұсынды. Олардың ішінде тауар айналымын арттыру, электронды сауда саттықты дамыту, көлік логистика инфрақұрылымын жетілдіру, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану жобалары бар. Тараптар екі жылда бір рет кездесуге уағдаласты. Саммиттің келесі отырысы 2025 жылы Қазақстанда өтеді.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу