Қызылорда облысында теміржол үстінен үш өткел салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында теміржол үстінен үш өткел салынып жатыр

18.05.2023

Қызылорда облысында биыл халықтың талап-тілегімен теміржол үстінен үш өткел салынып жатыр. Жуырда Аралда автожолға арналған көпірдің іргетасы қаланса, Жалағашта жаяжүргіншілер өтетін аспалы көпірдің құрылысы басталды. Барлығы ауылдық елдімекендерді дамыту бағытында қолға алынған ауқымды жобалар. Он бес мың халқы бар Жалағаш кентінде теміржол магистралі үстінен өтетін бірде бір көпір жоқ. Тұрғындар шойынжолды турасынан кесіп өтіп, күнделікті әрлі-берлі қатынайды. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдаған жұрт осы мәселені талай жылдан бері көтеріп келді.

Ержан Базарбаев, ауыл тұрғыны:

Балаларға қауіпті болып тұр. Келіп вагондардың астынан өтеді балдар. Кейде күтіп тұрады. Соған осы көпір салынса деп айтқанбыз.

Міне, сол көпшіліктің талап-тілегі ескеріліп, көптен күткен өткелдің құрылысы басталды. Вокзал маңынан бой көтеріп жатқан көпірдің ұзындығы 55 метр болады. Жоба бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз мініп-түсуі үшін шахталық лифт қойылады.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Облыстық бюджеттен тиісті 328 млн. теңге қаражатты бөліп, бүгін құрылысын бастағалы тұрмыз. Жылдың аяғына дейін сіздерге игіліктеріңізге пайдалануға беріледі деп сіздерді сендіргім келеді. Біріншіден, мемлекет басшысының қолдауы, Үкіметтің қолдауы, одан кейін өздеріңізбен бірлесе атқарған жұмыстарымыздың нәтижесі.

Мұнан бөлек, Жалағаш ауданында биыл автожолдарды жөндеуге 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, бүгінде ауыл-аймақта асфальт төсеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ, Ақсу мен Шәменов елдімекендеріне осы жылы табиғи газ тартуға тиісті қаражат қаралып отыр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу