Елімізде газ саласында жаңа формула бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде газ саласында жаңа формула бекітілді

15.05.2023

Қазақстанда газды сатып алудың жаңа формуласы жасалды. Бұл сектордың инвестициялық тартымдылығын арттырып, салаға қосымша қаржы құюға ынталандырады. Яғни, жаңа ұңғымалар қазылып, игерілмеген кен орындарын барлау жұмыстары жандануға тиіс. Жер қойнауын пайдаланушылар бүгін Астанада бас қосты. 300-ге жуық сала маманы қатысқан форумда газ сатып алудың жаңа формуласы таныстырылды. Сондай-ақ жиында отандық газ өнеркәсібінің баға белгілеу және рентабельділік мәселелері талқыланды. Өзгерістер тауарлық газдың қосымша ресурстарын ашуға түрткі болады дейді мамандар.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

Формуланы осы өндірушілердің кен орындарына, газ кен орындарына қолданып келсек, үлкен мотивация. Өйткені екі не үш есе инвестициялық тартымды бағаға олар нарыққа сата алады. Бұл деген үлкен өзгеріс. Бұл – Мемлекеет басшысының «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының алдына қойған талап, газ ресурсын арттыру мәселесін шешеді деп ойлаймыз.

Қазір көгілдір отынның мың текше метрі орташа есеппен 50 долларға сатылып жатыр. Болашақта оны 100-120 долларға дейін жеткізу жоспарланған. Өйткені жүргізген барлаулардың жиырма пайызы ғана нәтиже бергендіктен компаниялар бұл секторға қаржы салуға құлықсыз. Сондықтан саланы дамытуға күш салынып жатыр.

Асхат Хасенов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Бірнеше кен орындары қазір іске қосылып жатыр. Қызылорда бойынша «Оңтүстік Ақсай» деген газ конденсат кен орны. Биылғы жылдың аяғына дейін Батыс Қазақстан облысында «Рожковская» кен орны. Одан басқа бізде нақты бекітілген жол картасы бар Үкіметте.

Форумда QazaqGaz компаниясы жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен қосымша газ көлемін сатып алу бойынша офтейк келісімдерге қол қойды. Құжат аясында кен орындарында газ қорын игеруді ұлғайту көзделген. Өз кезегінде QazaqGaz газды ынталандыру бағамен сатып алады.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу