Заңсыз иемденіп алған 760 млрд теңге мемлекетке қайтарылды. Оның ішінде елге белгілі олигархтардың қылмыстық жолмен меншіктеп алған ірі зауыттары, сауда орындары мен жер учаскелері бар. Бұл туралы бүгін активтерді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында айтылды.
Айя Мүтәлі, тілші:
Монополистердің заңсыз тапқан табысы мен шетелге кеткен ақшаны мемлекетке қайтару үшін 1 жыл бұрын арнайы құрылған комиссия бүгін бас қосты. Жұмыс тобының есебіне сенсек, осы уақытқа дейін мемлекетке тиесілі 760 млрд теңге қайтарылған.
Мәселен, ықпалды адамдардың меншігінде делінген Астанадағы 4 жұлдызды «Думан» қонақ үйінің қожайындарынан 1,3 млрд теңге өндіріп алынды. Алматыдағы ауыр машина жасау зауытының 31 пайызы заңсыз жолмен жекенің қолына өтіп кеткені анықталды. Мұнай саласында да былық көп. Атыраудағы Сұйытылған мұнай газды сақтау паркінің 50 пайыз үлесі заңсыз деп танылды.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
Бұдан бөлек нарықтағы бағасынан 4 есе төмен бағада сатып алынған Алматыдағы көтерме сауда үйі де қайтарылды. Дәл солай олигополия субъектілерінің меншігінде болған Алматы әуежайының 17 коммерциялық үй-жайлары да өндірілді.
Ал шетел асып кеткен заңсыз ақшаның көбі Лихтенштейн, Аустрия, Біріккен Араб Әмірліктері секілді елдерден қайтарылған. Ал өзге мемлекеттерге 100-ден астам өтініш жолданды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен иемденіп алған немесе пайдаланылмай бос жатқан 460 мың гектар жер жергілікті әкімдіктерге берілді.
Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту қызметінің басшысы:
Оның ішінде аса құнды жерлер бар. Мысалы, Әл-Фараби Қазақ ұлттық университеті аумағынан берілген. Астанадағы Керуен сауда-саттық орталығының қасындағы, гольф-клубтың маңындағы, Алматыдағы бұрынғы әскери госпитальдің жерлері бар.
Қайтарылған активтер мектеп салуға ғана емес, барлық салаға бағытталады. Ал салықтан жалтарғандардың қаржысы салық комитетіне жіберіледі. Осы уақытқа дейін бұл шотқа 100 млрд теңге аударылған. Арнайы комиссия әзірге тәркіленген дүние-мүлікті қайда жіберу керегін білмей жүр. Ал заңсыз активтерді иеленгендердің арасында елге белгілі Қайрат Сатыбалдыұлы мен Болат Назарбаев секілді ірі фигуранттар бар.
Зейін Әліпбек, Активтерді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі:
Қайрат Сатыбалдыға байланысты ондаған млн әшекей заттары қайтарылды. Алматы ауыр машина жасау зауытының 31,9 пайыз акциясын Болат Назарбаевтың үлесі бар компанияның пайдасына беру туралы сот шешімі күшін жойды. Бұлар мекеменің өзіне қайтарылды.
Айя Мүтәлі, тілші:
Қазір заңсыз активтерді қайтару жолын жеңілдету үшін арнайы заң әзірленіп жатыр. Құжат қабылданса, белгілі бір нысанды немесе жер телімін меншіктеп алғандар мен заңсыз ақшаны шетел асырып жібергендер туралы ақпаратты сот шешімін күтпей-ақ ашық жариялайтын мүмкіндік туады.
Айя Мүтәлі