Елде сұйық май бағасы қымбаттамайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде сұйық май бағасы қымбаттамайды

11.05.2023

Әдетте жыл сайын күрт қымбаттайтын сұйық майдың бағасы биыл шарықтамайды. Өйткені өнім өндіруші зауыттарға шикізат жеткілікті. Бірақ, фермерлер шемішкені өз бағасынан төмен сатып, шығынға ұшырап отыр. Алматыдағы дүкендерде сұйық майының ең арзаны литріне 707 теңге. Ал еліміз бойынша орташа баға - 860 теңге. Ең қымбат сұйық майды Қонаев қаласының тұрғындары сатып алып отыр. Ең арзаны семейліктерге қолжетімді. Жыл басынан бері күнбағыс майы 4,5 пайызға арзандаған. Бұған санкцияға іліккен Ресейдің Қазақстанға шикізатты арзанға жіберуі себеп.

Фарид Әбітаев, Қазақстанның тұқым өсірушілері республикалық палатасының басшысы:

Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Ақпан айынан бастап Ресейдің шаруа қожалықтары шикізатты Орталық Азияға қарай жібере бастады. Ал Қазақстан - ең жақын ел. Бұл отандық аграршылар арасында бәскелестікті тудырды. Жыл басында шикізаттың тоннасы 230 мың теңге болса қазір 140 мың теңге.

Бұған дейін отандық май өндірушілер керісінше, фермерлердің шемішкені Ресейге қымбатқа экспорттағанынан бағаны көтеруге мәжбүрміз дейтін. Қазір шикізат жеткілікті болғанымен, дайын өнімнің өзін сыртқа жіберу қиынға соғып отырғанын айтады. Өйткені, тағы да сол Ресейдің тауары Орталық Азияға қарай тасымалданып, кептеліс тудыруда. Кәсіпкерлер өнімді кері қайтару да мүмкін емес екенін жеткізді. Соның салдарынан кейбір зауыттар кәсіпорын қуаттылығын 50 пайызға дейін төмендеткен.

Александр Буженица, Май шығарушы кәсіпорынның қаржы директоры:

Біріншіден қазір дайын өнімді Қытай, Өзбекстанға уақытында жеткізе алмаймыз. Өйткені кеденде кептеліс. Екінші мәселе-2-3 жылдан бері 3 миллиард теңге қосымша құн салығын қайтара алмай келеміз. Бұл қаражатқа мұқтажбыз. Үшіншіден, шикізатты жарты жыл бұрын алып қояйық десек, банктердің пайызы тым жоғары.

Кәсіпкерлер, шемішкедегі майдан кейін алынатын шрот өнімін Қытайдың Қазақстаннан алуға шектеу қойғаны жығылғанға жұдырық болды деп отыр. Үкімет бұл мәселені шешпесе, өнім шіріп кетеді деді. Ал осы уақытқа дейін Қазақстанның ішкі нарығының тең жартысын сұйық маймен қамтамасыз етіп келген Ресей импорт көлемін арттырмақ. Яғни, кәсіпкерлер жыл соңына дейін баға тағы 10 пайызға түседі деп топшылады.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу