Интернет алаяқтығы жыл сайын өсіп келеді. Соңғы бес жылда бұл қылмыс 5 есе артқан. Әйтсе де, мәселенің шешілетін түрі жоқ. Осылай деген Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, жыл басталғалы төрт жарым мыңнан аса интернет-алаяқтық тіркелген. Құқық қорғау органдары оның 23 пайызын ғана анықтаған. Соңғы үш жылда шығын 35 миллиард теңгеден асқан. Алаяқтар көбіне микроқаржы ұйымдары арқылы несие рәсімдейді. Қала берді, әлеуметтік желілер арқылы заңсыз ұтыс ойнатып, халықты құрығына түсіретіндер бар. Президенттің былтырғы тапсырмасын еске түсірген депутат мәселені шешуге құзырлы органдардың қауқарсыз екенін айтады.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының жетекшісі:
Біріншіден, азаматтарға микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеуге электронды үкімет базасында тыйым салудың мүмкіндігін тездетіп енгізу. Екіншіден, елімізде заңсыз лотереялардың, қаржы пирамидалары мен өзге де заңсыз қаржылық операциялармен күрес қалай жүргізілетінін түсіндіру; Үшіншіден, әлеуметтік желілерге кешенді тексеру жүргізіп, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттау.