Қостанай облысында өзен-көл құрғап, жайылым жұтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында өзен-көл құрғап, жайылым жұтады

10.05.2023

«Көмір өндірісінің кесірінен өзен-көл құрғап, жайылым жұтады. Елді-мекенге экологиялық апат төніп тұр». Қостанай облысындағы Құсмұрын кентінің тұрғындары осылай деп дабыл қағып отыр. Ауылдың дәл іргесінен сегіз жыл бұрын қоңыр көмір өндіріле бастаған. Қазір оның жұмысы тоқтағанымен зардабы жойылған жоқ. Қараусыз жатқан кен орнында Дәуренбек Әбдібек болып қайтты.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Менің ту сыртымдағы шұңқырдың тереңдігі 40 метр. Қазір ол жер асты суына толып тұр. Көмір тап осы жерден өндірілген. Жалпы көлемі бірнеше гектар жерді алып жатқан Құсмұрын кентінің қасындағы қоңыр көмір кенінде қазір жұмыс тоқтап тұр, ал қазылған жердің ойран - топыры шығып жатыр.

Геология комитетінің мәліметінше, бұл жердегі қоңыр көмір қоры 26 млрд тоннадан асады. 2015-2016-шы жылдары кен орны екі кәсіпорынға бекітіліп беріліпті. Содан бастап жасыл желегі жайқалған даланың сиқы қашып, кең алқап үйілген оба мен ой-шұқырға айналған.

Нұрлыбай Айтжанов, Құсмұрын кентінің тұрғыны:

Қаншама мал өлді. Көктемде су толады шұңқырларға. Батпақ. Қалай ашып кетті, солай жапсын. Халық ауырып жатыр.

Өндірушілер өзенді де бөгеп, соның салдарынан оның арнасы құрғап қалған. Іргедегі балығы мол жасанды көлдің де шетін жырып, суын ағызып жіберіпті. Қазір көл орнында шалшық жатыр. Жыра үлкейіп кеткендіктен енді оны бітеу мүмкін емес. Өріс тар, жыраның кесірінен мал ұзап жайыла алмайды.

Владислав Ильин, Құсмұрын кентінің тұрғыны:

Мен бұл экологиялық апат деп есептеймін. Мына шұңқырлардан радиация тарап жатпағанына кім кепіл? Ауылда обыр ауруы көбейді. Қазу жұмыстары кезінде шеткі үйлер шаңнан көз ашпады.

Тұрғындардың сансыз шағымынан соң кен орнына эколог мамандар да келіпті.

Зиада Бисақалова, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

Экологтардың бірінші тексеретін компоненті ауа, су. Жерге зиянды нәрсе сіңіп ластанса айтар едік. Бірақ ластану болған жоқ.

Яғни мамандар экологияға зиян жоқ дейді. Дегенмен әлеуметтік-қаржылық талаптарды орындамағаны үшін былтыр екі өндірушімен де келісім-шарт бұзылған. Бірақ индустрия министрлігі кен орнын қайтадан басқа кәсіпорындарға беру үшін аукционға шығарамыз деп отыр. Ал тұрғындар бұған түбегейлі қарсы. Олар «өндіріс толық тоқтатылып, қазылған жер тегістеліп, қалпына келтірілсін» деп отыр.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу