Петропавлда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланбақ. Бұл шара 7 мамыр күні болған ірі өрт салдарын жою мақсатында қабылданып отыр. Өрттің шығу себебі анықталуда. Естеріңізге сала кетсек, Береке ықшам ауданында қамыс өртеніп, алапат өрт жеке сектордағы тұрғын үйлерге ауыз салған. Салдарынан 9 үй, 3 автобус пен кәсіпорын гаражы толығымен жанып кетті. Тағы 2 баспана жартылай өртенді. 46 адам эвакуацияланды. Абырой болғанда адамдар аман. Қызыл жалыннан жапа шегушілердің басым бөлігі қалалық әкімдік уақытша жалдаған пәтерлерге жайғасқан. Қала тұрғындары оларға жәрдем беру мақсатында гуманитарлық көмек жинауды бастап кетті.
Әділбек Әубәкіров, қала әкімінің орынбасары:
Қылмыстық іс тергелуде. Арнайы құрылған комиссия шығын көлемін есептейді. Нәтижесі бойынша жапа шеккен азаматтарға материалдық көмек көрсетіледі. Жанып кеткен үйлер ғана емес, техника, қора-қопсы, бәрі есепке алынады. Ол қаражатқа тұрғындар өздері үй сатып алады.
Эльмира Кәленова