Қонаев қаласындағы 32 363 әскери бөлімінде «Ашық есік» күні өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қонаев қаласындағы 32 363 әскери бөлімінде «Ашық есік» күні өтті

08.05.2023

Қонаев қаласындағы 32 363 әскери бөлімінде «Ашық есік» күні өтті. Шараға әскери ардагерлер, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың ата-аналары, қала тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты. Келушілер әскери техникалар, қару-жарақтарды және жауынгерлердің дайындығын тамашалады.

Осыдан 32 жыл бұрын тәуелсіздік алған еліміздің бүгінде өзіндік қорғаныс қабілеті қалыптасқан. Алаңда қару асынып, құтқару операциясына білек сыбана кіріскен жауынгерлер дәл осыны дәлелдемек. Жиналған жұртшылық, арнайы полигонда орын алып жатқан жаттығудан көз алар емес, әсіресе, жас балалар.

32363 әскери бөлімі ұйымдастырған «Ашық есік» күніне облыс әкімі, өңірдегі әскери мектептердің тәрбиеленушілері мен Қонаев қаласының тұрғындары келген.

Рая Алпамыс, қала тұрғыны:

Танк деген не, осындағы техникалар деген не? Балалар көріп, қолмен ұстап, ішіне кіріп жатыр. Бұл деген балаларға жақсы ғой, қызық. Тек балаларға ғана емес барлық адамға қызық.

Сонау 1992 жылы ашылған әскери бөлім осы кезге дейін он мыңдаған сарбаз дярлады. Олардың басым бөлігі бүгінде қарулы күштер сапында қызмет етеді. Шараны өткізудегі басты мақтсат халыққа әскер әлеуетін көрсетіп, жастар арасында отансүйгіштікті насихаттау.

Әбдірахмон Юлдашев, 32363 Әскери бөлім командирінің әуе-десанттық дайындық жөніндегі орынбасары:

Әскери бөлімдегі бар бөлімшелер қатысты. Өзінің қатысқан мақсаттары өздерінің ішкі тәртіптерін, бөлімшелерін көрсету және киім үлгілерін көрсету. Техникамызды, парашюттік жүйе техникаларын көрсету.

Әскери бөлімде бүгінгі таңда 1000-нан астам бозбала білім алады. Бөлімнің техникалық базасы жуырда ғана жаңарыпты. Қазір сарбаздар десанттық шабуылдың жаңа түрін меңгеріп жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу