Елордадағы Алматы ауданына – 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы Алматы ауданына – 25 жыл

06.05.2023

Бүгін елордадағы Алматы ауданының құрылғанына 25 жыл толды. Ширек ғасырлық мерейтойға орай, қалалық әкімдіктің қолдауымен шаһар тұрғындары мен қонақтарына арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сахна төрінде эстрада жұлдыздары көрермендерге ән мен жырдан шашу шашты.

Ауданның 25 жылдығына арналған мерекелік концерттің бағдарламасы ауқымды болды. Ән де, би де осында. Әсерлі әсем әуен көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Өнерді бағалаған қалалықтар Алматы ауданындағы барлық ізгі істерге мақтанамыз, дейді.

Нұргүл Бердібаева, қала тұрғыны:

Мектеп, Оқушылар сарайы бар, балалар демалатын жер, барлығы бар. Алматы ауданын мақтан тұтамын. Осындай іс-шаралар ұйымдастырыла берсін. Жақсы бір рухани демалып қалдым.

Алматы ауданы 1998 жылы 6 мамырда құрылды. Ширек ғасырда 28 мектеп, 27 балабақша бой көтеріп, 7 медицина мекемесі пайдалануға берілді. Ұлттық музей, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік Сарайы, «Қазақ Елі» монументі секілді ең танымал нысандар бой көтерді. Қалалықтар демалатын саябақтар мен алаңдар, субұрқақ кешендері шаһардың ажарын аша түсті. Қазір халық саны 370 мыңға жуықтады.

Мақсат Саматұлы, Алматы ауданының әкімі:

2008 жылы бірінше рет бір бөлігі Есіл ауданына өтті. Осыдан 5 жыл бұрын 2018 жылы тағы бір бөлігі Байқоңыр ауданына өтті. Сондықтан бұл тарихи, қасиетті аудан. Ауданда 900-ден астам көпқабатты тұрғын үй болса, соның 120-сы соңғы бес жылда салынды. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Әлі де біз елордамызды, ауданымызды дамытуға үлкен үлес қосамыз деген үміттеміз.

Астана – ел жүрегі. Сарыарқа төріндегі асқақ қала. Оның қарыштап дамуы мен еңсесін тіктеуге елордалықтардың да қосып келе жатқан үлесі ұшан-теңіз. Сондықтан, аудан басшылығы мерейтойға орай осындай жан жадыратар концерттік бағдарламаны сый ретінде ұсынды.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу