Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет! Жеңіс мерекесіне орай «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы Ұлы отан соғысы ардагерлерін құттықтады. Олардың арасында майдангерлерге теңестірілген тұлғалар мен тыл жұмысшылары да бар. Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторларының бірі Зұлқия Жұматова соғыстың теперішін көп көрген. Ата-анасынан ерте айырылып, тағдыр тауқыметін тартқан ардагер соғыс жылдары зауытта жұмыс істеп, тылда жан аямай еңбек етті. Қазір 103 жастан асса да, сол бір қиын кезең көз алдымда әлі сайрап тұр дейді.
Зұлқия Жұматова, телевизия ардагері:
Соғыстың несін айтасың? Біреудің басына күн түссе бәріміз жиылып, соның қайғысы бәріміздің қайғымыздай «аман ба екен? Апырай, хат келді ғой» деп ол күн бір басқаша. Бір уыс бидай арман болатын.
Қостанай қаласының тұрғыны Дәуренбек Ахметбеков ақпарат саласының ардагері. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда 11 жаста болған ол, бұғанасы қатпай тұрып тылда еңбек еткен. Биыл қария 94 жасқа толады. Жеңіс мерекесі қарсаңында жергілікті телеарна қызметкерлері ардагерді арнайы құттықтап барды.
Дәуренбек Ахметбеков, еңбек ардагері:
Ұрпақтарыма тілейтінім, дендерің сау болсын, еңбекте табысты болыңдар. Осы еңбектеріңнің жемісін жеп, еліміздің тәуелсіздігі баянды болсын.
Ұлттық арна ұжымы 93 жастағы Күлпан Бекмағанбетқызының шаңырағында да болды. Ардагер ұрыс жылдары жауынгерлерге қолғабыс жасап, тылда еңбек еткен. Корпорация ұжымы жыл сайын соғыс зұлматын көрген жандарға құрмет көрсетіп келеді. Қазір ақпарат саласында жұмыс істеген 10-ға жуық ардагер бар.
Қуан Нұрақын