Отан қорғаушылардың мерекесіне орай Шымкентте салтанатты жиын өтіп, онда әскери қызметкер сапына қосылған жас сарбаздар ант қабылдады. Сондай-ақ, еліміздің қорғаныс саласында кәсіби білігі мен тәжірибесінің жоғары екенін көрсеткен және батылдық әрекеттерімен танылған әскери қызметшілер марапатталды.
Әзиза Қасқаруова 15 жылдан бері әскери қызметкер. Отан қорғау тек ер азаматтардың ғана емес, нәзік жандылардың да қолынан келетін іс екенін дәлелдеп келе жатқан мақтаулы маман. Бүгінде құпия бөлімде қызмет атқарады. Бүгінгі салтанатты жиында Әзиза «Мінсіз қызметі үшін» медалін алды. Сондай-ақ тағы 20-ға тарта әскери қызметкерді қала әкімі алғыс хатпен марапаттап, төсбелгі тапсырды.
Мерекелік кеште көпшілік сақ пен ғұн дәуірінен бастау алатын бабалардың ерлік істері мен антына адалдық, Отан қорғау ісіндегі ұрпақ сабақтастығы туралы сахналық көріністі тамашалады. Әскер қатарына енді алынған жастарды асқақ рухпен жігерлендіріп, Отан алдындағы парызын адал атқаруға үндеді.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
Отан қорғау – перзенттік парыз, мәртебелі міндет. Еліміздің тыныштығы мен жеріміздің тұтастығын сақтау жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген ержүрек жауынгерлеріміздің еңбегі ерен. Халқымыз антына адал, сертіне берік перзенттерін қадір тұтады.
Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына – 31 жыл. Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде қарулы құрылым кәсіби тұрғыда әбден жетілген, қорғаныс күші мығым әскерге айналды. Соның арқасында бүгінде олар қарсыласты жойқын шабуылдап, тегеурінді тойтарыс беретін күшке ие болып отыр.