Қазақстандағы 89 қаланың 25-і ауызсумен толық қамтылмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы 89 қаланың 25-і ауызсумен толық қамтылмаған

02.05.2023

Қазақстандағы 89 қаланың 25-і ауызсумен толық қамтылмаған. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты. Тіпті халық санының өте жылдам өсуіне байланысты ірі қалаларда ауыз су тапшылығы пайда болған. Үкімет мәселені шешу үшін не істеп жатыр?

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауызсумен 100% қамтамасыз етуді тапсырған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауызсуға қолжетімділік қалаларда - 98,4% және ауылдарда - 94,5% болды деп есеп берді министр. Жалпы 9 өңірдің қала тұрғындары ауызсумен 100% қамтылған. Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыру үшін 280 млрд. теңге бөлінді, оның 167 млрд. теңгесі қалаға, 113 млрд. теңге ауылдарға жұмсалмақ.

Қазір ірі қалалардың барлығында дерлік су тазарту және тұшыту қондырғыларының қуатын арттыру немесе жаңасын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айтпақшы, халық саны тым аз ауылдар орталықтандырылған су жүйесіне қосылмайды. Олар тасып ішуге мәжбүр. Бұл бюджет қаражатын тиімді жұмсау мақсатында қабылданған шешім. Қойылған міндетті уақытылы және сапалы орындау үшін кезеңдік жоспар әзірленген.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу