Атырауда дәстүрлі садақ атудан халықаралық ашық турнир өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда дәстүрлі садақ атудан халықаралық ашық турнир өтті

29.04.2023

Атырауда дәстүрлі садақ атудан халықаралық ашық турнир өтті. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған додаға әлемнің 11 мемлекетінен құралайды көзге атқан кіл мергендер қатысты.

Садағының адырнасын иіп, дайындығын пысықтап жатқан 18 жастағы Айкөркемнің бекзат өнермен айналысып жүргеніне 6 айдай болды. Талдырмаш қыздың жетістігі таудай. Өткен жылдың өзінде-ақ жасөспірімдер арасында тұңғыш чемпион атанды.

Айкөркем Батихан, турнирге қатысушы:

Садақ ату - өмірім сияқты болып кетті. Негізі қыз балаларға да арналған спорт түрі деп ойлаймын. Жеңіл, физикалық қажеттілік жоқ, бастысы – өзіңнің ниетің болса болды.

150-ге жуық садақшы басқосқан додаға Америка, Малайзия, Үндістан, БАӘ, Моңғолия, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Еуропадан мергендер қатысты. Спортшылардың 40 пайызын әйелдер құрады. Олар түрік және орта азия нысанасы бойынша және жамбы атудан сынға түсті.

Вели Сайгын турнирге қатысушы /Түркия/:

Садақ – түркі халықтарына ортақ құндылық. Мықты садақшылар осы жерде де болған деп есептеймін. Себебі, бұл атыраптағы Сарайшық шаһары Қасым хан тұсында Алтын орданың бас қаласы болған ғой.

Сайыс қорытындысымен әйелдер арасында Башқұртстаннан келген Әлия Ешмұратованың асығы алшысынан түсті.

Әлия Ешмұратова, турнир жеңімпазы /Башқұртстан Республикасы/:

Халықаралық біріншілікте өзімнің жеңгеніме қуанамын. Ұлы даланың не екенін көрдім білдім.

Әлиядан бөлек, тағы 17 садақшы жүлделі орынға ие болды. Қырғызстан, Түркия, Малайзия мен Қазақстан мергендері алдыңғы орыннан көрінді.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу