Суданда бітім тағы 72 сағатқа созылғанына қарамастан, атыс жалғасып жатыр. Қақтығысты тоқтату туралы 3 күндік келісім бүгін кеште аяқталуға тиіс еді. Алайда АҚШ, Ұлыбритания мен Біріккен Ұлттар Ұйымының араласуымен бітім тағы 72 сағатқа ұзартылды. Дегенмен ел астанасы Хартумда кескілескен шайқас жүріп жатыр. Суданда билікке таластан туындаған қарулы қақтығыс сәуірдің 15-де басталды. Генерал Әбдел Фаттах әл-Бұрхан қолбасшылық ететін тұрақты армия мен Мұхаммед Дагалоның «Жедел қолдау күштері» арасында жанжал туындаған. Екі аптаға созылған қақтығыстан 512 адам қаза тауып, 4200 тұрғын жараланды. Дегенмен марқұмдардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі жағдайды жұқпалы аурулардың белең алуы ушықтырып жіберді. Оның үстіне ауруханалар жұмыс істеп тұрған жоқ.
Ранда Елшейх, дәрігер:
Өмір күрт өзгерді. Атыстан екі күн бұрын ән кешінде болып, әншілердің өнерін тамашалаған едік. Ал қазір концертке бармақ түгілі үйден шыға алмай отырмыз. Телефонға телміріп, күні-түні жаңалық тыңдаймыз. Мына соғыс тез аяқталса екен.
Арай Төлегенқызы