ҚХА XXXII сессиясы: Ұлттық құндылықтар төңірегінде ұйысуымыз керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХА XXXII сессиясы: Ұлттық құндылықтар төңірегінде ұйысуымыз керек

26.04.2023

Қазақстан халқына ортақ ұлттық құндылықтарды қалыптастыру керек! Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында осындай бастама көтерілді. Сарапшылар бұл еліміздегі 100-ден астам ұлтты ұйыстыра түсетінін айтып отыр. Сондай-ақ сессия барысында бірлікті нығайтуға қатысты пікірталастар өтіп, өзге де түрлі ұсыныстар айтылып жатыр. Басты міндет - арандатушылық пен сепаратизмнің алдын алу. Ал ертең сессияға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп күтіліп отыр. Ресей-Украина арасындағы жағдай бейбітшіліктің бәрінен қымбат екенін көрсетті. Былтыр қаңтар оқиғасы кезінде де тұрақтылық пен татулықтың қадірін ұғындық. Содан бері саяси жүйе толық жаңғырды. Енді ділге, дінге бөлінбей бір тұтас ұлт болып, дамудың даңғыл жолына түсуіміз керек. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясына артылар жүк ауыр. Кезекті 32-сессияның «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» деген ұранмен өтуі де содан.

Аида Балаева, ҚР Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары:

Ең бастысы ел бірлігі сынға түскен маңызды кезеңнен абыроймен өте алдық. Ішкі тұрақтылық жолындағы мызғымас бірлігімізді көрсеттік. Біздің мақсатымыз біреу. Ол мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтау. Еліміздің егемендігі барлығымызға ортақ құндылық. Ал оны қастерлеп сақтау - азаматтық парыз.

Бірақ мұны жете түсіне бермейтіндер бар. Татулығымызға көз алартқан арандатушылар да арам пиғылын іске асырғысы келеді. Мәселен, солтүстік Қазақстан облысындағы сепаратистердің әрекеті алаңдатарлық жағдай. Сондықтан сарапшылар бірлігімізге қауіп төндіретін кез-келген жағдай ашық айтылып, бірден шешімін тауып отыруы керек дейді.

Уәлихан Бахритдинов, саясаттанушы:

Қазір мынау құбылмалы заманда аз халықтың көшін тарту оңай емес. Сондықтан біздің жеріміз түлкінің терісіндей әркімнің көзіне түсіп жатыр. Әрине іште де, сыртта да жаулар баршылық. Сол жауларға қарсы жұмыс істеу ол Ассамблеяның бірден-бір міндеті.

Өйткені 100-ден астам диаспораның басын қосқан Ассамблея - бірліктің ұйытқысы. Сондықтан елдегі кез-келген ұлт аралық араздықтың алдын алуы тиіс. Осы бағытта былтыр этномедиация институты құрылған еді. Оған бір жылда 10 мыңнан астам адам жүгініп, мәселелері оң шешімін тапқан. Әрі этносаралық салада 20 зерттеу жүргізіліп, өңірлерде мониторингтік топтар жұмысын бастады. Енді биылғы сессияда қазақстан халқына ортақ ұлттық құндылықтарды қалыптастыру жайы талқыланып жатыр.

Марат Өтегенов, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі:

Ол, әрине, титулдық ұлт болып табылатын қазақ халқының тілінің төңірегінде, салт-дәстүріміздің төңірегінде ұйысу керекпіз. Яғни ортақ құндылықтар болып ұйысқанда әлемдік тәжірибеден көреміз. Мысалы, ағылшын, француз командасы дейді. Футболға шыққандарға «Сен қандай французсың» дейді. Бірақ олардың барлығында бір идеология бар. Яғни жақсы өмір сүргіміз келеді. Бейбіт өмір сүргіміз келеді. Ол ингуш, неміс, орыс болсын, таңертең балабақшаға апарғысы келеді, жұмыс істеп жақсы жалақы алғысы келеді. Бұл осындай бір ғана құрғақ сөзбен айтатын нәрсе емес. Бұл үлкен нәрсе экономикалық, саяси жағынан барлығы бір сатымен жүруі керек.

Жалпы сессия барысында ұлттарды ұйыстырып, бірлікті бекемдей түсуге қатысты түрлі пікірталастар өтті, өзге де ұсыныстар айтылды. Жиынға мыңнан астам адам: парламент депуттарынан бастап, қоғамдық, діни бірлестіктердің басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ассамблея мүшелері қатысып, ойларын ортаға салып жатыр. Ал ертең сессияға президент Қасыс-Жомарт Тоқаев қатысады деп жоспарланған.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу