Елімізде төрт күндік жұмыс аптасы пайда болады. Жаңашылдық еңбек нарығына шілдеден бастап енгізілуі мүмкін. Бес күндік, алты күндік немесе төрт күндік жұмыс аптасында жалпы демалыс күні жексенбі болып қала береді. Қазақстанда 4 күндік жұмыс аптасы барлық салаға бірден енгізіле ме? Еңбекақы мөлшері қандай болады? Азаматтың жеке өмірі мен жұмысында теңгерім болу керек. Осы қағиданы ұстанған Нидерланды, Дания, Норвегия, Австралия секілді көптеген өркениетті елдер 4 күндік жұмыс аптасын тәжірибеде қолданып келеді. Енді бұл жаңашылдықты Қазақстан да еңбек нарығына енгізіп көрмек. Жұмыс аптасының күндерін өзгерту үшін қызметкер өтініш жазады. Жұмыс беруші келісім берсе, азамат 4 күн жұмыстан кейін қосымша демалыс алады.
Мақсат Халық, экономист:
Бұл белгілі бір дәрежеде еңбек өнімділігін арттырады деп есептеймін. Себебі үш күн демалыста болған азаматтар достарына да, отбасына да көңіл бөліп үлгерер еді, демалу барысында. Ойы тыныққан адамдардың еңбек өнімділігі жоғарырақ болады.
4 күндік жұмыс аптасы барлық салаға жаппай бірден енгізілмейді. Жаңашылдық азаматтарға 4 күндік, 5 күндік және 6 күндік жұмыс аптасын кезектестіру мүмкіндігін беруді көздеп отыр. Мәселен, бір апта 4 күн жұмыс істесеңіз, келесі апта 5, одан арғы аптада 6 күн жұмыста боласыз.
Шалқар Оразбеков, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің басқарма басшысы:
Төрт күндік жұмыс аптасына ауысқан кезде азаматтардың жұмыс сағаттары қысқарғанда, әрине, бұл еңбекақысына әсер етеді төмендеуіне. Бірақ 6 күндік жұмыс аптасына өткен кезде ол кісілер жұмыс уақытын толықтыра алады. Жалпы жылдың қорытындысы бойынша азаматтар бұл жерде жалақыларын жоғалтпайды.
Еңбек кодексінде егер отбасында науқас адам болса, оған күтім жасау үшін қызметкерге мүмкіндік беру де қарастырылған. Бұл бұрыннан бар норма. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі баласын немесе 18 жасқа дейінгі мүгедек баласын тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналарға қолдау көрсету тетіктері де қарастырылған. Яғни олар жұмыстан ертерек бостылады. Бұл ретте тараптар арасында келісім болуы шарт.
Дарын Сағитов, тілші:
Толық емес жұмыс уақыты қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығына, еңбек өтіліне және еңбек саласындағы өзге де құқықтарға шектеулер әкелмейді. Ал үстеме жұмыстың жалпы ұзақтығы 4 күндік, 5 күндік және 6 күндік жұмыс аптасында айына 12 сағаттан және жылына 120 сағаттан аспауы керек.
Дарын Сағитов