Украинаның нағыз орны НАТО-да – бас хатшы Йенс Столтенберг - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаның нағыз орны НАТО-да – бас хатшы Йенс Столтенберг

23.04.2023

Осы аптада НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг соғыс басталғалы алғаш рет Киевке барды. Сапар барысында ол Украинаның әскери одаққа мүше болуы заңды екенін мәлімдеді. НАТО басшысы бұл сөзін жұма күні Германиядағы Рамштайн әуе базасында одаққа мүше елдердің жиынында да қайталады. Мәскеу болса, Украинаны НАТО-ға кіргізбеу - әлі де әскери операцияның басты мақсаты екенін мәлімдеді. Бұған қоса, президент Владимир Путин Украинаның Херсон және Луганск облыстарына барып, әскерилермен кездесті. Бұл - Кремль басшысының аннексиялаған аймақтарға екінші мәрте баруы. Ал ЕуроОдақ Ресейдің санкцияларды айналып өтуін қиындатуды көздейтінін мәлімдеді. «Блумберг-тің хабарлауынша, осы мақсатта Мәскеуге қарсы санкциялардың 11-легі жарияланбақ. Бұл шектеу Еуроодақ Ресей аумағы арқылы тауар транзитін тыйым салуға бағытталған.

«Украинаның нағыз орны - НАТО-да». Әскери альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг осылай деп мәлімдеді. Ол осы аптада Киевке сапар шегіп, президент Владимир Зеленскиймен кездесті. Столтенбергтің айтуынша, «НАТО-ның барлық мүшесі Украинаны өз қатарына қосуды қалайды. Бұл мәселе альянстың шілдедегі саммитінде күн тәртібінде болмақ. Ал дәл қазір басты назарды Украина армиясының жеңіске жетуіне аударған жөн деп»,- түйіндеді. Столтенберг оккупациядан қатты зардап шеккен Буча қаласына барды. Марқұмдарды еске алып, гүл шоқтарын қойды.

НАТО Украинаға көмекке әскер жібермесе де, соғыс басталғалы бұл елге қару-жарақ жеткізуді тоқтатқан жоқ. Жұма күнгі қорғаныс министрлерінің кезекті отырысында әскери көмекті ұлғайтуға уағдаласты. АҚШ «Абрамс» танкілерін жеткізуге, Германия мен Польша «Леопард» танкілерін жөндеп беруге, ал Латвия портативті зениттік-зымырандық «Стингер» жүйесін беруге келісті. Сонымен бірге Киев осы аптада «Пэтриот» әуе қорғанысы жүйесіне қол жеткізді.

Ллойд Остин, АҚШ қорғаныс министрі:

Біз қауіпсіздікті қамтамамасыз ететін ережелерге негізделген халықаралық тәртіпті бірлесе қорғаймыз. Украинаға қанша қажет болса, сонша қолдау көрсетеміз.

Соңғы бірнеше айда батыс сарапшылары мен Украина билігі елдің қарулы күштері ауқымды қарымта шабуылға дайындалып жатқанын айтып жүр. Киев Батыстан келген ауыр техника және бронетранспортерлармен жабдықталған жаңа шабуыл бригадаларын құруға кіріскен. Бұл бөлімшелер әзірге ұрыс қимылдарына қатысып жатқан жоқ. Ал Кремль болса, Украинаның НАТО-ға өтуіне жол бермеу әлі де болса әскери операцияның басты мақсаты екенін осы аптада қайталап айтты.

Апта басында Ресей президенті Владимир Путин «арнайы әскери операция» аймағына барды. Украинадан былтыр аннексиялаған Херсон және Луганск облыстарында әскерилермен кездесті. Наурызда Кремль басшысы Мариупольға барған еді. Бұл аймақтарға жеке өзі неліктен барғанын түсіндірді.

Владимир Путин, Ресей президенті:

Мен барған Херсон және Луганск облыстарында мәселе көп. Бұл сапардың мақсаты - әскерилермен кездесу. Мен оларды алысқа шақырып, уақытын алғым келмеді. Жұмыстарына кедергі жасамауды жөн көрдім.
Бейсенбіде Ресейдің Украинамен шекаралас Белгород қаласында жарылыс болды. Ресейдің Су-34 жойғыш-бомбалаушы ұшағы абайсызда қалаға бомба тастаған.

«Рейтердің» мәлімдеуінше, одан үш адам жараланды. Тұрғын үй алабының ортасында үлкен шұңқыр пайда болған. Сенбіде оқиға орнынан жарылғыш зат табылып, 3 мыңдай тұрғын эвакуацияланды. Қауіп сейіліп, бүгін олар үйлеріне орала бастады. Бұл оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.

Хабарламаларға жазылу