Алматыда мағынасы терең муралдар артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда мағынасы терең муралдар артып келеді

22.04.2023

Алматыда мағынасы терең муралдар қатары артып келеді. Қала көркінің заман талабына сай түрленуі көңілге қуаныш сыйлайды, дейді тұрғындар. Зәулім ғимараттардың бүйіріне бейнеленген таңғажайып суреттерді көптеп салудың мақсаты неде? Өнер туындысын әзірлеуге қанша уақыт кетеді? 

Жазира Оразқызы, тілші:

Қос немересін ұстап, алысқа көз тіккен ананың асыл бейнесі. Мынадай муралдар әсем Алматының ажарын ашып, көрік беріп тұр. Қала бойынша осындай 56 төл туынды бар. Алматының ашық аспан астындағы арт өнер галереясы несімен ерекше? Бірге аралап көрейік.

Алматының ғимараттары қазақстандық және шетелдік суретшілердің туындыларына бай. Биыл толыға түспек.

Әмір Нұржанұлы, жоба жетекшісі:

«Арбат фест» қайта ретке қосылады және де оның аясында 10-15 мұрал салуды біз жоспарлаймыз.

Ержан Танаев, суретші:

- Ержан мырза, суреттеріңіздің ерекшелігі неде?

- Сәлеметсіз бе! Ерекшілігі - қалаға сән кіргізетін өнер туындысы. Дәл осы мурал өзіме қатты ұнайды. Кішкентай баланың бейнесі, күн салып жатқаны жылы сезімдер береді. Халық та жақсы қарсы алған болатын.

- Бір муралды салуға қанша уақыт кетеді?

- Бір муралды шамамен 4-5 күн кетеді. Қиындығына байланысты, ауа райының қолайлылығына байланысты. Негізі баяғыдан келе жатқан арманым - Қонаев атамыздың муралын салса деген ой.

Бас қаламыз - Астанада да қазақ қайраткерлеріне арналған жаңа муралдар көбейді. Мәселен, Алаштың арда ұлы, ғалым Әлихан Бөкейханұлының, 100 жылдық мерейтойына орай бұлбұл әнші Роза Бағланованың, белгілі композитор, Әнұран авторы Шәмші Қалдаяқовтың бейнесі бедерленген.

Талдықорған қаласындағы тұрғын үйдің қабырғасында танымал тележурналист Бейсен Құранбектің бейнесі «мен мұндалап» тұр. Мурал әріптесіміз ұзақ жыл басшылық еткен «Jetisu» телеарнасының жанына салынған. Өзі жиі айтатын «Қарекет ет, батырым» деген сөзі де тасқа басылыпты.

Гүлжанат Мақұлжанова, «JETISU» телеарнасының аға редакторы:

Қазір де ол кісіні жанымызда жүргендей сезінеміз, өйткені, жұмыс кабинетіміздің қарама-қарсысында - үйдің қасбетінде муралы тұр. Бейсекең - біз үшін ерекше тұлға. Журналистігі - бір төбе, азаматтығы - бір төбе. Ол қашан да халықтың жадында.

Муралдар шаһардың сәнін келтіріп қана қоймай, өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие береді. Бір қуантатыны - жыл сайын елімізде ғимараттардың бүйіріне бейнеленетін таңғажайып туындылар саны артып келеді.

Жазира Оразқызы, тілші:

Ұлы тұлғалар мен тарихи оқиғаларды, өмірдің қызықты сәттерін бейнелейтін көркем суреттер көз қуантады. Түрлі-түсті әрі айшықты туындылар күнделікті күйбең тіршіліктен жалыққан жұрттың жүзіне күлкі ұялатып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу