Жаңаөзендегі мұнайшылардың талап-тілегі: Комиссия мүшелері жұмысшылармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзендегі мұнайшылардың талап-тілегі: Комиссия мүшелері жұмысшылармен кездесті

22.04.2023

Жаңаөзендегі мұнайшылардың мұң-мұқтажын тыңдап, талдау жасау үшін құрылған арнайы комиссия үш күнде «Өзенмұнайгазға» қарасты мекемелердегі 43 нысанның жұмысымен танысты. Бүгін олар мұнай-газ өндіру басқармасының бірнеше цехын аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті. 400-ге жуық маман жұмыс істейтін нысанда өндіріске қажет құбырлар, сорғылар мен темір қарнақтар жөндеуден өтеді. Сонан соң басқармаларға жөнелтіледі. Цехтың ашылғанына 10 жылдан асқан. Сондықтан кейбір станоктар ескіре бастапты.

Балжан Оразбаева, «Өзенмұнайгаз» АҚ Мұнай-газ өндіру басқармасының слесарь-жөндеушісі:

Бізде екі станок болып есептеледі. Бірақ соның бөлшектері болмай, тұрып қалатын уақыттары бар. Жоқ деп айта алмаймын.

Жұмыс тобының мүшелері мұнайшылар көтерген өзекті мәселелерді түгел жазып алды. Әрі шағын сауалнама жүргізіп, жұмыс жоспарын түзуге қажет ақпарат жинады. Қызметкерлер жалпы еңбек жағдайына көңілі толатынын және компания әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайтынын айтты. Ал комиссия өкілдерінің сөзінше, мұнайшылардың талап-тілегі бойынша жақын арада тиісті шешімдер шығарылады.

Мәжит Құрманов, «Өзенмұнайгаз» АҚ Мұнай-газ өндіру басқармасы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

2023-24 жылға модернизация жасалады. Бұйырса, осы мамыр айынан бастап жаңадан ауыстырайын деп жатыр, ішіндегі станоктарды, ванналардың бәрін ауыстырамыз.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу