Жыл басынан 4,5 мың адам шекарадан заңсыз өтпек болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан 4,5 мың адам шекарадан заңсыз өтпек болған

20.04.2023

Жыл басынан бері 4,5 мыңға жуық адам шекараны заңсыз кесіп өтпек болған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Алдажұманов осылай деді. Бұл бүкіл шекара қызметі бойынша жинақталған мәлімет. Тұрғындардың заңсыз өту әрекеттері әрқилы сипатта. Яғни, біздің елге кірмек болғандар да, шығып кетпек болғандар да бар. Заңсыз кесіп өту әрекеттері негізінен көршілес мемлекеттердің азаматтары арасында көптеп тіркелген.

Ерлан Алдажұманов, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры:

Ауғанстан, Сирия мемлекетінің азаматтары бұл тізімде жоқ. Пәкістаннан бір адам болды. Мұндай тұлғалар Қазақстан аумағын әдетте транзит ретінде, Еуропа елдеріне шығу үшін пайдаланады. Олардың бәрінің үстінен қылмыстық іс қозғап, анықтаймыз да, экстрадициялаймыз.

Шекараның 16 пайызы ғана техникалық күзет жабдықтарымен жарақталған. Қалған 84 пайызы ешқандай жабдықсыз, әскермен ғана күзетіледі. Шекара қызметі директорының сөзінше, кей тұстарда демаркация әлі жүріп жатыр, аздаған өзгеріс болуы мүмкін. Сондай-ақ, норматив бойынша шекараны күзететін штат саны қазіргіден бірнеше есе үлкен болуы керектігін айтады. Шекараның 20 шақырымын арнайы инфрақұрылыммен жабдықтау үшін 2,9 млрд теңге қажет, дейді. Ал, 15 мың шақырым үшін қыруар қаржы талап етілетіні айдан анық.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу