Ақтөбе облысында жайылымдық жер жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында жайылымдық жер жоқ

19.04.2023

Ақтөбе облысындағы Өрлеу ауылы тұрғындарының шаруасы өрге баспай тұр. Өйткені мұндағы халық төрт түлігін жаятын жайылым таппай қиналып отыр. Жан-жақтағы құнарлы алқаптардың бәрін кәсіпкерлер алып қойған. Бұқара малдарын ауылдан бір шақырым да ұзата алмай қалған.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ауыл іргесінде 200 га шамасында ғана жер бар. Оның өзі орманды, сайлы алқап болғандықтан тұрғындар жайылым ретінде қолдануға келмейді дейді. Сондықтан төрт түлігін осылайша ауыл ішіне жаюға мәжбүр.

Қуаныш Атыраубаев та он шақты қой ешкісі мен сиырларын қалай бағарын білмей отыр. Амалдың жоқтығынан күні бойы ауыл іргесіне жаюға мәжбүр. Ол мәселе тез арада шешілмесе, ауылда тұрып төрт түлік өсіре алмай қаламыз ба деп алаңдайды.

Қуаныш Атыраубаев, ауыл тұрғыны:

Ауылдың іші осы, мінекей. Осыдан артық шығатын жер жоқ. Ауылдан мықтағанда бір шақырымға жетпейді. Жайылым жоқ, айта-айта шаршадық. Ешкім тыңдамайды. Қайда барарымызды, кімге айтарымызды білмейміз.

Жақын маңдағы құнарлы жердің түгелге жуығы жеке шаруашылықтардың иелігіне өтіп кеткен. Ауыл тұрғындары ол аумақтарға малымыз кіріп кеткені үшін бірнеше мыңдап айыппұл төлеп жатырмыз дейді. Амалдың жоқтығынан көпшілігі қымбат болса да жем-шөп сатып алып, төрт түлігін қорасында ұстауға мәжбүр.

Серік Қожаниязов, ауыл тұрғыны:

Енді келіп, жердің бәрін қысып-қысып келіп, есігіміздің алдынан менің үйімнен бес метр жерден кейін жерді беріп тастады. Мына жерден тал егіп тастады.Онда да кіре алмаймыз, лесниктер кіргізбейді. Былтыр малымыз кіріп, 15 мыңнан 3 рет айыппұл төледік.

Тұрғындар кездесуге келген әкімдік өкілдеріне нақты талаптарын жеткізді. Жауаптылардың айтуынша, дөкейлердің біріне рәсімделіп кеткен 80 гектар жер кері қайтарылған. Тағы бірімен келіссөз жүріп жатыр. Одан бөлек бұрын берілген аумақтардың заңдылығы да тексерілмек.

Қолғанат Нұрсұлтан, Ақтөбе қаласы жер мониторингі кмм маманы:

Ол кісіні шақыртып бөлімге, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өзара келіссөздер жүргізілді. Жалпы ол кісі жер учаскесінің пішінін өзгертуге, мүмкін орнын ауыстыруға қарсы емес. Ол жұмыстар заңға сәйкес жүргізіледі.

Ғалым Қобыландин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:

Берілген жерлерді қайтадан қарап оның заңдылығын, оның мақсатты пайдаланылуын қарауымыз керек. Оның барлығын жер комиссиясы шешеді.

Халық талабынан кейін 100 га-ға жуық жер кері қайтарылуы мүмкін. Алайда тұрғындар жайылымдық жердің бәрібір аздық ететінін айтады. Сондықтан мәселені түбегейлі етіп шешіп беруді талап етіп отыр.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу