Екібастұз халқы келесі жылы жылусыз қалмауы керек. Кеншілер мен энергетиктер қаласындағы төтенше жағдайға қатысты Президент ескерту жасады.
Сондай-ақ сағыздай созылып кеткен, еліміздегі ірі жоба саналатын МАЭС-1 бірінші энергоблогын іске қосу және МАЭС-2-гі жаңа екі блокты салу жұмыстарын тездетуді Үкімет пен әкімдікке тапсырды. Қазір Екібастұзда келесі жылу маусымына дайындық жұмыстары басталды. Жоспар бойынша жылу электр орталығындағы 8 қазандық күрделі жөнделіп, 60 шақырым жылу желісі жаңадан салынбақ. Магистральдік желілерді ауыстыруға 9 млрд теңге, ал, орамішілік жылу желілерін ауыстыруға 1 млрд 700 млн теңге қарастырылған. Жөндеу жұмыстарына қажетті қаржының 50 пайызы бюджеттен, қалған 50 пайызы меншік иесі тарапынан бөлінеді. Техникалық аудит сараптамасына қарағанда жылу құбырларының 91 пайызы шіріп кеткен.
Әнуарбек Аманов, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары:
Қазіргі уақытта 7-ші энергетикалық қазандықта жұмыстар басталды. Жүргізіліп жатыр. Және төрт магистральді биыл күрделі жұмыстарды өткіземіз. Оның ұзындығы 5 шақырымнан астам. Стансаның жұмыстарын жасауға қазіргі уақытта сметалық құжаттар дайындалып отыр.
Болат Аманбаев