Астаналықтар үй астында орналасқан көлік жуу орталығына шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналықтар үй астында орналасқан көлік жуу орталығына шағымданды

18.04.2023

Автотұрақ қауіпті аумаққа айналды. Елордада бизнес санаттағы үй тұрғындары арнамызға осылай деп шағымданды. Көпқабатты кешеннің астына автокөлік жуу және шина жөндеу орталығы ашылған. Көлік өте көп келеді. Қазір балаларды ойнауға да жіберу қауіпті. Ғимаратты да ылғал жайлап барады дейді тұрғындар. Тілшіміз толықтырады.

Бұл автожуу орталығы 2021 жылы ашылған. Кешен тұрғындары құқығымыз сол уақыттан бастап бұзылды дейді.

Құмарғазы Қасымов, тұрғын үй кешенінің тұрғыны:

Ашылғанда біз білген жоқпыз. Ешкім білген жоқ. Бізден не рұқсат сұраған жоқ.

Жоба бойынша жуу кабиналары орналасқан жер жаяу жүргіншілер жолы болған. Ол жақ жабылған соң тұрғындар көліктердің арасымен жүруге мәжбүр.

Айгерім Әшімова, тұрғын үй кешенінің тұрғыны:

Бұл үй бизнес санатқа жатады. Ішінде барлық жағдай жасалған. Сол үшін қымбатқа сатып алдық. Алайда оның барлығына бізге қолжетімсіз болып қалды. Автожуу жолды жауып тастады. Шағымданып едік, біздің блокқа шығатын есікті шегемен жауып тастады. Бұлары енді басынғандық қой. Полиция шақырып, әрең аштық. Өрт қауіпсіздігі бойынша да есікті жабуға болмайды ғой.

Күн сайын тонналап су шашатын автожуу орталығынан ылғал да тарап жатқан көрінеді.

Сот 1,5 жыл жалғасып жатыр. Әзірге нәтиже жоқ. Тұрғындар осы уақыт аралығында қорғаушы да жалдаған. Заң маманы автожуудың жұмысы заңсыз, алайда сотта мұны дәлелдеу мүмкін болмай тұр дейді.

Ержан Болатбек, тұрғындардың қорғаушысы:

СЭС мамандары алдымен тексеріп хат жазды. Иә, мойка болмайды деп. Ал соттың өзінде СЭСтің маманы айтады мен маман емеспін мен білмеймін дейді.

Орталық иелері бізбен тілдесуден бас тартты. Анығын әкімдіктен сұрадық.

Жанат Кімбаев, Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

Үйдің жобасы бойынша ол жерде автожуу болмаған. Құжатты өзгерту туралы бізге өтініш те түскен жоқ. Яғни заңсыз.

Марғұлан Әбдікәрімов, Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының басқарушы директоры:

Үйдің астындағы паркинг болса ол паркинг ортақ мүлік болып саналады. Ал енді паркингтің ішіндегі орын тұрақ дейміз. Міндетті түрде орынұрақ ретінде ғана пайдаланылуы керек. Автомойка ол жерде орналастыруға тыйым салынуы керек.

Санитарлық талапқа сай жуу кабинасы 10 нан аз болса тұрғын үйден 15 метр, 11 мен 30 арасында болса 25 метр қашықтықта болуы тиіс. Осы тәртіпті басшылыққа алған тұрғындар соңына дейін күресеміз деп отыр.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу