Таразда отқа оранған көпқабатты үй тұрғындары 10 күнде баспанасына оралады. Жөндеу жұмысын жүргізетін мердігер ескі үйдің төбесін екі аптаға жеткізбей бітірмек. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады. Ал өрттен келген шығын 60 млн теңгеге жуық. Төле би көшесіндегі 133 пәтерлі үйдің әсіресе ең жоғарғы қабатындағы 26 пәтер өрт сөндіру кезінде қатты бүлінген. Эвакуацияланған тұрғындар көрші мектепке көшірілді. 100-ден аса тұрғынның 60-ы - балалар. Сенбі күні, түнгі төрт шамасында тұтанған жалын 2 сағатта әрең ауыздықталды. Бастапқы болжам бойынша өрт қуат көзінің қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін. Шатырдан шыққан жалын 800 шаршы метр аумақты түгел шарпыған. Жалын жайпаған жатақханаға қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Өрт кезінде үйдің шатырына шығатын саңлаудың ашық қалғаны анықталды.
Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
Өрттің неден шыққанын зерттеу үстінде. Бұл бойынша қазіргі кезде құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғау мәселесін қарастырып жатыр. Енді ол неден шыққаны ол бүгінге белгісіз. Өйткені шатыр қақпасы ашық болған.
Данияр Әлімқұл