Астанада әлем чемпионатының «Алтын тәжі» сарапқа салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада әлем чемпионатының «Алтын тәжі» сарапқа салынып жатыр

16.04.2023

Осы айда жер-жаһандағы шахмат жанкүйерлерінің назары Қазақстанда. Астанада әлем чемпионатының «Алтын тәжі» сарапқа салынып жатыр. Әр 2 жыл сайын 1-ақ рет өтетін бәсекеде биыл ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижэнь жүлдеге таласып жатыр. Қос мықты 1-ші мамырға дейін 14 партия ойнап, жеңгені 17-ші әлем чемпионы атанады.

Негізі, Астанадағы жарысқа шахматтың қазіргі басты жұлдызы, 16-шы әлем чемпионы, сол атақты қатарынан 4 рет қорғаған Норвегиялық Магнус Карлсен қатысуы тиіс еді. Алайда, ол былтыр атағын қорғаудан бас тартқан. Сол себепті, орнына Дин Лижэнь келді.

Бірақ, шахмат шебері Қазақстанға келмесе де, 1-2 күн бұрын твиттеріне «Astana calling» деп қызық комментарий қалдырады. Шахмат жанкүйерлері бұдан жақсы месседж көріп жатыр.

Ернар Сейтахмет есімді азамат фейсбугқа: «Бізді әлем таныды. Магнус Карлсен Астанаға келгісі кеп жүрген сияқты, сірә, жүйкесі тұрақсыз ойыншыларға қарап, «құрсын, бұларың болмайды» деген шығар»,-деп жазған.

Карлсен келмесе де, басқа шахмат шеберлері, мәселен, 14-ші әлем чемпионы Владимир Крамник, әйелдер арасында 4 дүркін әлем чемпионы Хоу Ифань Астанаға сапарлаған. Тіпті, үндістандық гроссмейстер, 15-ші әлем чемпионы Вишванатан Ананд қазақ баласы Әбдірахманның тұсауын кесті. Ал жылдам шахматтан әлем чемпионы Даниил Дубов қазақстандық балаларға бірнеше күн қатарынан шеберлік сағатын өткізіп жатыр.

Астанадағы жарыстың жүлде қоры - 2 миллион еуро. Одан бөлек, ұйымдастыруға кететін шығын бар. Бәрі - жеке демеушілердің қаржысы. Бірақ олардың қазақстандық бизнесмендер екенін ескерсек, өзге елдердің спортшылары жарысып жатқан додаға шығындалудың қажеті қанша? – деген де сұрақ туындауы мүмкін.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті, кәсіпкер Тимур Турлов бұл сұраққа былай жауап берді: «Біздің ел ұтпаса, ұтылмайды. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, елімізді спорттық ұлт ретінде әлемге танытып, өскелең ұрпақты шахматқа ынталандырып, әлемнің ең үздік екі шахматшысының ойынын көру арқылы жастарымызды шабыттандырғымыз келді».

Шахмат пен саясатты жиі байланыстырып тұрады ғой. Өйткені стратегиялық қадам жасай білу ойталас ойында да, саяси аренада да қажет-ақ. Әрі шахмат арқылы шеберлердің мықтысы ғана емес, әлемдік тақтадағы ең күштісі де анықталады. Еуропа мен Батыс елдерінің шахматты мектепке арнайы пән ретінде енгізуі де содан болар. Аманкелді Сейтханның сюжетін көрейік...

Аманкелді Сейтхан, тілші:

2016 - Нью-Йорк, 2018 - Лондон, 2021 - Дубай. Әлемнің тек танымал қалаларында өткізілетін жарыс биыл біздің Астанамызда. Әрине, шахматқа, футбол тойына жиналғандай фанаттар мен туристер ағылып келмейді. Бірақ, осындай жарысты өткізу еліміз үшін қаншалықты маңызды? Сараптап көрелік.

Дастан Қапаев, мемлекеттік жаттықтырушы:

1886 жылдан бастап 137 жыл ойналып отыр әлем чемпионаты. Орта Азияда өткен жоқ. Азияда Қазақстанда бірінші рет өтіп жатыр.

Олжас Меңғали, Fide нұсқаушысы, кәсіби бапкер:

2022 жылы бізде желтоқсанда Рапид және Блиц бойынша әлем чемпионаты өткізілді. Содан кейін шешім қабылданды. Екі мемлекет өтініш білдірді. Біріншісі Мексика болатын, Мехико қаласы. Екіншісі біз.

Ернар Сейтахмет, шахмат жанкүйері:

Мен бұрын ойлайтынмын бұл жарыстар бізге қатты керек емес деп. Бірақ, мультиплативті эффект бар. Ең біріншіден бүкіл біздің жоғары шенділердің назары осыған аударады, екіншіден бизнесмендердің назары ауады. Бұл шахматқа қосымша қаражат қосымша инвестиция алып келеді.

Ал шахматқа салынған инвестиция ел болашағына жұмсалған ақша деуге болады. Өйткені, бұл әлемдегі ең танымал интеллектуалдық ойын.

Олжас Меңғали, Fide нұсқаушысы, кәсіби бапкер:

Бүкіл әлемде 8 млрдқа жуық адам өмір сүреді. Соның 700 млны шахмат ойнайды. Ол 10,11 адамның ішінде біреуі ғана. Үндістанда шахмат қатты дамып жатыр. Қытайдың бүкіл әйелдері бәрі чемпион.

Ұлан Еркінбай, «А.Байтұрсынұлы білім академиясы» мекемесінің директоры:

Қазір мынау әлемнің көптеген өркениететті елдерінде испандықтар, Канада, Америка, Швеция, Словения бірнеше мемлекетте бастауыш сыныптарына міндетті пән ретінде енгізілген. Неліктен, себебі баланың жоспарлау қабілеті пайда болады.

Қазақстанда да соңғы жылдары шахматты дамыту жұмыстары басталған. Өткен жылдан бері 700-дей мектеп шахматты факультативті пән ретінде таңдаған.

Олжас Меңғали, Fide нұсқаушысы, кәсіби бапкер:

2008 жылдан кейін Қазақстанда шахматқа көзқарас өзгерді. Біздің қыздарымыз әлем чемпионы болды. Мемлекет тарапынан бұл жұмысқа үлкен үлес қосылып жатыр. 2021 жылы Аружан Саинның бастамасымен «Арт спорт» деген нормативті қаржы жобасы көп көмектесті және 2023 жылы 24-ші ақпанынан бастап «Даму бала» деген мемлекеттік бағдарлама да өте керемет жұмыс атқарылып жатыр.

Аманкелді Рамазан, жас шахматшы:

Мен шахматты 4 жасымнан бастап ойнаймын. Маған шахмат қызығы, себебі менің миымды дамытады. +03:26 Ми деген қатты ойланғанда адамда деген 100 проценттен 4 проценті жасайды ғой.

Мидың жұмысы туралы айтып отырған Аманкелді небары 10 жаста. Оның ойлауы ғана емес, ойнауы да ерекше. Столға қадалып отырмайды, жүрісін жүріп, залды аралап кетеді. Еркін...

Аманкелді Рамазан, жас шахматшы:

Көп варинт ойланасың да, сол ходты жүресің, сосын соны жүргенде бір орында отырғың келмейді. Еркін ойлайтын баланың арманы да асқақ. Біреуге ұқсағысы да келмейді...

Аманкелді Рамазан, жас шахматшы:

Шахматтан, ешкім өзім ойнап, өзім ойластырып, бірдеңе тауып, задачаларды өз еңбегіммен тапсам қазақта мақал бар ғой «Еңбек етсең емерсің».

Ұлан Еркінбай, «А.Байтұрсынұлы білім академиясы» мекемесінің директоры:

Зияткерлік ойындардың көптеп кіруі экономикалық серпінге де көп әсер етеді. Бұл енді мынау Норвегияда, Финляндияда, жаңағы айтқан Словенияда осындай зерттеулер негізінде қорытынды жасаған.

Раушан Мәдибаева, Астана қаласының тұрғыны:

Шахматтың өте көп пайдасы бар. Логикаға, характерін бәрін воспитывать етеді. Математика, физика, сабағы шахматқа көп уақыты кетеді де, соның өзінде мектепте де озат.

Демек, шахматтың пайдасы орасан. Сондықтан болар танымал шахматшылар әлемде айрықша құрметке ие.

Ернар Сейтахмет, шахмат жанкүйері:

Каспаровты, Карповты немесе Ананды білмейтін адамдар кемде-кем. Ол біздің ғана қоғамда емес ол әлемдік қоғамда. Олардың шахмат ойнай алмайтындардың өздері олардың іс-әрекеттерін қашанда талқылап жүреді. Магнус Карлсон мысалы ия, әлем чемпионы болды бәлен жыл қатарынан. Оның твиттерде 1 млн, инстаграммда 1 млн оқырманы бар.

Шахматтың нақты қашан, қайда пайда болғаны белгісіз. Кей дерек бойынша біздің дәуірімізге дейін 1000 жыл бұрын Үндістандық математик ойлап тапқан. Қалай десекте, ежелден келе жатқан ойын қазір заманға сай түлеп жатыр. Мысалы, шахматты көрсетуге технологиясы дамуда. Биыл Қазақстанда тұңғыш рет нейробайланыс арқылы жұмыс істейтін «идчесс» технологиясы қолданылды.

Ольга Чернышева, Idchess платформасының бренд және коммуникациялар жөніндегі директоры:

Сілтемені сканерлеп кюар-кодты туысқандарға, бапкерге жіберуге болады. Олар ойынды басқа жерде отырып көре алады. Тағы бір жақсы жері ойын толық сақталады. Кейін бапкермен бірге кейін тексеріп, қайта қарап, қателіктерді анықтауға ыңғайлы.

Бұл шахматқа қызығушыларға таптырмас құрал. Ал, әлемде шахмат жанкүйерлері өте көп,-дейді ойынды онлайн жүргізуші.

Мұртас Қажғалеев, халықаралық гроссмейстер, шахмат ойындарының комментаторы:

Шахматты көрсетіп отырған кез келген сайтта кемі 20-30 мың адам қарап отырады. Ал, ондай 100-деген сайт бар. Сонда 2-3 миллион адам көреді десек қателеспейміз. Астанадағы жарысты біздің палформаның өзінен күніне 120-140 мың адам қарайды.

Динара Сәдуақасова, халықаралық гроссмейстер:

Жаңа ғана залдан көп баланың ойынды үзбей көріп отырғанын байқадым. Осындай онлайн платформалар болғаны жақсы. Бұл шахматтың дамуына ықпал етеді.

Даниил Дубов, халықаралық гроссмейстер:

Мен әлемдік жарысқа қонақ ретінде келіп, көптеген Қазақстандық балалармен ойнадым. Олар өте мықты екен. Қазақстандық қыздар құрамасы мықты екенін білеміз. Бірақ, алдағы 5-6 жылда мықты ерлер де шығатынына сенімдімін. Өйткені, балалардың деңгейі жоғары. Көпшілігі мені жеңіп кетті.

Шахмат парсы тілінен аударғанда «патша өлді» дегенді білдіреді. Бұл ойын Қазақстанда 11-12-ші ғасырларда пайда болған деседі. Оны негізінен хан-сұлтандардың ойнағаны айтылады.

Ұлан Еркінбай, «А.Байтұрсынұлы білім академиясы» мекемесінің директоры:

Осыншама алып жерді қорғап қалуда да стратегиялық ойлау жүйесі. Кіммен қалай дипломатиялық қатынасқа бару, кімге шабуылға дайындық, қай кезде кері шегіну деген кезде біздің хан сұлтандарымыздың барлығы да, бұл ойын түрін білген. Әмір Темірдің өзінің ойнау санының, жүйесінің өзіндік ерекшелігі болған.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Шахматта кейде бір партия 6-7 сағатқа дейін созылады. Олш төзім мен сабырды талап етеді. Соңғы кезде бұл стратегиялық, тактикалық тұрғыдан гөрі психологиялық ойынға айналған. Өйткені, мықтылар шахматтың барлық жүрістерін дерлік зерттеп, тіпті жаттап та алған, тек қарсыласын аңдып отырады. Осы тұста Абайдың «Ақырын жүріп анық бас» деген сөзі шахматтың бүкіл философиясын ашатындайы. Демек, бұл ойлана алатын, ойлай білетін адамдардың ойыны. Ал сіз шахмат ойнау білесіз бе?

Аманкелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу