Энергетика саласына басты инвестор мемлекеттің өзі болуы тиіс - сарапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Энергетика саласына басты инвестор мемлекеттің өзі болуы тиіс - сарапшы

16.04.2023

«Апта»-да бұған дейін талай рет көтерілген мәселе ЖЭО-ғы жағдайға тоқталсақ. Үкіметтің күн тәртібіндегі ең негізгі тақырыптардың біріне айналды. Қыс бойы Екібастұз, Риддер, Рудный сияқты қалалардың халқы тоңып шығып, энергетикаллық коллапс қаупі төніп тұрғаны белгілі. Министрлер кабинеті жылу беру маусымына осы бастан кірісеміз деп, сендіріп отыр. Жылу орталықтарына бақылау күшейтілетінін мәлімдеді. Жоспардан тыс тексеру жүргізуге де рұқсат берілмек. Ал әбден азып-тозған орталықтар жөнделмесе, мемлекет меншігіне қайтарылады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:


Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттырып, оны қызмет көрсету келісім-шарттарында қарастыру керек. Шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуға тиіс.

Екібастұз жылу орталығы бойынша да шешім жарияланды. Нысанның 50 пайызы мемлекет меншігіне өткен еді. Оны жөндеу үшін қазынадан 9,6 млрд теңге бөлінеді. Ал бұған дейін талай сынға қалған меншік иесі 7,5 млрд теңге жұмсайды екен. Риддердегі жылу электр орталығы да ауыр хәлде екені белгілі. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов алдағы қысты уайымдаған болар, үкімет басшысынан нысанды дереу демонополизациялау керек деп өтінді. Өйткені орталық басшысының не жоспары жоқ, қарызға әбден батқан ,- дейді Ахметов. Жылу электр орталықтары моноқалалардың ғана емес, тұтас Қазақстанның проблемасы. Бұған дейін де айтылды. 37 нысанның барлығы дерлік ескірген. Жалпақ тілмен айтқанда, орташа жасы - 60 жылдан көп екенін, жылу желілерінің жартысынан астамы ескірген.

Қайталап отырғаным: ондаған жылдар бойы қордаланып қалған түйткілді бір жазда шешу қаншалықты мүмкін деген сұрақтың туындауынан. Бұл сауалды бірнеше жыл энергетика саласында жұмыс істеген сарапшыға қойдық. Бір жазда «жыртықты жамап қана үлгереді», - дейді ол.

Айтпақшы, осы аптада Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев биыл тарифтер 25 пайызға артатынын айтты. Бұған қатысты сарапшының пікірі мынадай: «Салаға басты инвестор мемлекеттің өзі болуы тиіс. Энергетика мен коммуналдық-шаруашылық саласын тарифті көтермей-ақ, қомақты инвестиция құю арқылы дамыту қажет».

Петр Своик, электроэнергетика саласы бойынша сарапшы:

Қазіргі модель бойынша электроэнергетика саласы мемлекет бақылауынсыз қалып отыр. Ешқандай орган да, ұйым да Жылу электр орталықтарындағы ахуалды қадағалап, тарифтен түскен қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын бақылап отырған жоқ. Министрлік сол нысандардың өзінен алынған статистикаға сүйенеді. Ал олар дұрыс ақпарат бере ме, әлде өзіне ыңғайлы мәліметті ғана бере ме? Сондықтан саланы бақылаушы орган құру керек. Ол үшін қазіргі Энергетика министрлігін екіге бөліп, Электроэнергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы министрлігін құру қажет. Ал мұнай-газ саласы өзінше бір министрлік болуға тиіс. Сонда тарифтен түскен қаржыға мұржа жөнделіп жатыр ма, әлде ол қожайынының қалтасына кетіп жатыр ма – Министрлік бәрін көріп отырады.

Хабарламаларға жазылу