Тамақты ысырап қылмайтын мейрамхана ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тамақты ысырап қылмайтын мейрамхана ашылды

15.04.2023

«Тамақты ысырап қылмаңызшы, өтініш». Бельгияда осындай атаумен арнайы мейрамхана ашылды. Ерекшелігі - ас мәзірі сақтау мерзімі өткен азық-түліктерден жасалады. Жоба авторларының мақсаты – халықты тағамды рәсуә қылмауға үндеу. Себебі, Еуропада жылына 90 млн тоннадай азық-түлік қоқысқа тасталады екен. Есесіне, ғаламшарда 900 млн адам аштықтың зардабын тартып отыр.

Мейрамхана қожайыны солыңқыраған жеміс-жидектерден шырын жасап, қос аспазшы ыстық тамақ әзірлеп әлек. Сақтау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түліктерден жасалған тағамдардың дәмін татуға халық жинала ма деген күдік басым көкейлерінде.

Стивен Дезейр, мейрамхана қожайыны:

Мақсатымыз - дүкендерде сақтау мерзімі аяқталғандықтан өтпей қалған азық-түліктерді, базарларда езіліп, сатуға жарамсыз болған жеміс, көкөністерді қоқысқа тастатпай жинап, олардан дәмді тағам жасауға болатынын насихаттау. Денсаулыққа зиян деп қорықпаңыз, пайдалы тағам, жеп көріңіз.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Тұтынушыларды көптеп тарту үшін мейрамхана басшылығы ас мәзірін күнде өзгертіп отырамыз дейді. Мысалы бүгін қонақтарға мынадай ақ балық, саңырауқұлақтан жасалған салат, он күн бұрын пісірілген қара нан мен өсімдік сорпасын ұсынып отыр. Сорпаның дәмін татайық. Дәмді екен.

Мейрамхана 20 адамдық шағын болғандықтан, жеңсік асты жеп көруге келгендер кезекке тұрды. Бес түрлі тағам, табиғи жеміс шырыны мен десерттен құралған ас мәзірі 32 еуро, бізше 16 мың теңге тұрады.

Мичико Курита, жапониялық турист:

Керемет тағам. Еуропалық, классикалық үлгіде дайындалған ас мәзірінде сиырдың мойын еті, жүрегі сынды көпшілік мүлдем жеп көрмеген тамақтар бар екен.

Крис Жоель, Брюссель қаласының тұрғыны:

Тағамды ысырап қылуға қарсы жасалған шараны қолдап, өз үлесімді қосу үшін келдім. Әлемде қыруар тамақ рәсуә болып жатыр. Бәріміз бірігіп осыған тосқауыл қоюымыз керек.

БҰҰ мәліметінше, әлемде жылына құны 800 млрд долларды құрайтын бір миллиард тонна тамақ қоқысқа тасталады. Бельгияда да былтыр 600 мың тонна азық-түлік құр рәсуә болған. Ал, елде 200 мың адам ыстық тамаққа зәру. Стивен сондай жандарға енді аптасына үш рет тегін дастархан жаяды. Және мейрамханадан түскен қаражаттың есебінен сол тұрмысы төмен азаматтарға азық-түлік, киім-кешек әперіп, қайырымдылықпен айналысуды көздеп отыр.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу