Түркістан облысында шаруалар жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай жүр. Онсыз да былтыр күзде өткізген мақталарының ақшасын ала алмаған Жетісайлық диқандар енді көктемгі егісті бастай алмай отыр. Қағазбастылықтан құтыла алмаған жұрт екі үш айдан бері микроқаржы ұйымының есігін торуылдаумен әлек. Шаруалардың шағымын тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы тыңдап қайтты.
Ғалымжан Әлдібашевтың Мақташы ауылында жеті гектар жері бар. Алайда, бір сүйем жерге дән салмады. Жылда жеріне мақта егетін диқан соңғы екі жылдан бері өткізген өнімінің ақысын ала алмай, ақыры жер жыртуға да қаражат таба алмай отыр.
Ғалымжан Әлдібашев, шаруа:
Жер бір жарым ай бұрын айдалу керек еді. Кемі екі ай бұрын айдалу керек еді. Қазір айдап сор шаю керек еді. Ол қазір кешігіп жатыр. Ақша жоқ. Жеңілдік бойынша жанар-жағар май келді. Оны да ала алмай отырмыз. Өткен бір айдікі күйіп бітті.
Қара жерге соқа сала алмай отырған Жетісай мен Мақтаарал ауданының шаруалары төмен пайызбен несие алуға «Ырыс» шағын қаржы ұйымына құжат тапсырған. Бірақ мекеме қағазбастылыққа салып, қаражатты қаңтар айынан ала алмай жүрміз дейді. Біріне құжаты толық емес десе, енді бірінің жер көлемі кем.
Абдулла Шарапов, шаруа:
Қаңтардан бастап тапсырғанмын. Содан келісім-шартты қайта алды. Бір қойғанда 20-30 жерге қол қоясың. Екі нұсқа болса, 50-60 жерге қол қоясың. Шаруаға қиын болғанда өте қиын.
Марат Бұхаров, Жетісай аудандық мақташылар мен диқаншылар қауымдастығының төрағасы:
Бір аптадан кейін кел дейді. Бір аптадан кейін келсе, ана құжатты көреді де, тағы ана құжатың келмеген деп тағы да бір аптаға созып жібереді. Сөйтіп, мына күндері өтіп бара жатыр. Мақтаны егетін уақыт өтіп бара жатыр.
Көктемгі егіске қаражат таппағандар енді несие ала алмай сенделіп жүр. Күздегі мақтаның ақшасын алсақ, бұлай алақан жаймас едік деп қынжылады.
Мейірбек Алуашев, шаруа:
Екі млн-нан аса ақшам бар. Бермейді. Күніге барамыз. Басшылары әне алдайды, міне алдайды. 15-наурызда құтыламыз деді. Одан 1-сәуірде құтыламыз деді. Енді сәуір емес, мамыр болып бара жатыр. Әлі берілмейді.
Ал несие ұйымы желтоқсан айынан бастап құжат қабылдап жатқандарын айтады. Оның үстіне диқандарды жылда әурелемеу үшін құжаттарды бірден үш жылға жарамды етуді көздедік дейді. Бүгінге дейін 135 адамға 523 млн теңге көлемінде несие беріліпті.
Сабыржан Жақыпов, микроқаржы ұйымының үйлестірушісі:
Биыл мынау мақтаның нашар болуына байланысты бағасының нашар болуына байланысты көп зауыттар ақша беріп жатқан жоқ. Сондықтан көпшілігі осы «Ырысқа» келіп жатыр қазір. Сосын өтінім көп болғаннан соң жетпей жатыр.
Несиеге сұраныс артқан соң мамандар демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Екі ауданның шаруаларын қоса алғанда 1 млрд 217 млн теңгені үлестірген. Енді қосымша қаражат сұратып тағы 200-ден аса диқанға несие беріледі деп сендірі.
Айнұр Әбілқасымқызы