Қазақстандағы кей емханалар «науқасты қабылдадық» деп жалған есеп берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы кей емханалар «науқасты қабылдадық» деп жалған есеп берген

13.04.2023

Қазақстандағы кей емханалар «науқасты қабылдадық» деп 403 млн теңгеге жалған есеп берген. Бұны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өзі әшкереледі. Ал, ел-жұрт қордың игілігін көре алмай жүрміз деп шағымданып жүр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына үш жылдан асты. Қазақстандықтар әр ай сайын жалақысының 2 пайызын осы қорға аударып отырады. Алайда, көбі медициналық көмек қолжетімсіз деп отыр. Кей емханаларда маман тапшы болса, енді бірі қажетті диагностикалық техникамен қамтылмаған. Соның кесірінен жұрт айлап кезек күтіп, сандалып жүр. Бұл астанадағы жағдай. Шалғай ауылдағы жұрттың жайы айтпаса да түсінікті. Қордың мәліметінше, жыл басынан бері 6 мыңнан аса адамнан шағым түскен. Көбі медициналық қызметтің сапасына көңілі толмайды. МӘМС қызметкерлері егер тіркелген емханада орын болмай, маман жетіспесе, науқасты басқа медициналық мекемеге жолдауы тиіс дейді.

Забира Оразалиева, «ӘМСҚ» Заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жасайтын департамент директоры:

Медициналық қызметтер толыққанды көрсетілмеген жағдайда әрине ол медициналық мекемеге экономикалық шара қабылданады. Айыппұл салынады. Және ол медициналық мекеме міндетті түрде медициналық қызметті көрсетуге міндеттеледі.

Айя Мүтәлі, Тілші:

Ал дәрігердің қарауына жазылу үшін немесе маманды үйге шақыру үшін мынандай мобильді қосымшаны пайдалануға болады. Мұнда қай күні, қай уақытта, қай емханаға, қандай мәселемен бараныңыз туралы барлық ақпарат қамтылған. Ал енді мына бір қызықты қараңыз. Мен дәрігерге былтыр жазда қаралмадым. Бірақ, маусымның 3,15 және 16 күндері бір емхана терапевт дәрігердің қабылдауында болды деп жазып қойыпты. Дәл сол сияқты жалған деректердің бірнешеуіне көзім шалып қалды.

Ал мұндай «жалған қабылдаулардың» барын қазақстандықтардың көпшілігі байқаған. Қордың өзі арнайы мониторинг жүргізіп, былтыр 300-ге жуық медициналық ұйым 52 мыңнан астам қабылдауды қосып жазғанын анықтаған. 60 пайызы - мемлекеттік емхана болса, қалғаны - жекеменшік. Олар базаға 403 млн теңгенің қызметін көрсеттік деп енгізген. Жалған есеп беретіндердің көбі елордалық дәрігерлер екен. Емхана айыппұл төлесе, енгізген дәрігер тәртіптік жазамен құтылған. Ұлттық алғашқы медициналық көмек қауымдастығының президенті Төлебай Рақыпбеков саланы түбегейлі реформалау қажет дейді.

Төлебай Рақыпбеков, Ұлттық алғашқы медициналық көмек қауымдастығының президенті, профессор:

Терең түбегейлі өзгерту қажет. Басқа көзқараспен қарайтын кісілер керек. Олар тарифті бүйтіп отыр. Бүркіттің көзімен аспанға ұшып қарай алмайды. Оның ішінде халықты көрмейді.

Сарапшының пікірінше, медициналық қызметті қолжетімді ету үшін халықтан түскен екі пайыздық жарна аз. Қосымша бюджеттен де қаржы бөлінуі тиіс. Профессор қазір қордағы ақшаны оңды-солды шашып отыр деп есептейді. Сондықтан медициналық сақтандыру жүйесіне қаржылық сауаты жоғары мамандарды жинау қажет деген пікірде.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу