Павлодар облысындағы балық өсіретін жалғыз шаруашылық жабылып қалуы мүмкін. Себебі, құзырлы мекеме жылдар бойы осы кәсіппен айналысып келе жатқан қожалыққа дәл биыл жерді жалға беру мерзімін ұзартпайтынын мәлімдеген. Даулы іс сотта қаралып жатыр. Өңірдегі тілшіміз мәселені анықтап көрді.
Александр Веретенников 10 жылдан аса балық өсірумен айналысады. Ертіс сағасындағы 800 гектар жерді жалға алған. Алайда, биыл тоғандарға су апаратын сорғы тұрған аумақты Ақсу қаласының жер қатынастар бөлімі жалға беруден бас тартты. Себебі, дәл осы аумақты тауарлы-сүт фермасын салып жатқан басқа кәсіпорынға беріп жіберген.
Александр Веретенников, шаруашылық басшысы:
Бұл жерде біздің құбырларымыз жатыр, соның дәл үстімен құбыр тартуға Ақсу қаласы шенеуніктері қалай рұқсат береді? Құжат бар ғой біздің қолымызда. Негізі біз соттың алғашқы отырысын жеңіп алдық. Екінші мәрте іс сотта қаралып жатыр.
Қоршаулы аумаққа кіріп, құрылысты бастаған тараптың қолдарында да әкімшілік берген рұқсат қағазы бар. Күн ысымай суармалы алқапқа құбыр тарып алуымыз керек дейді олар.
Наталья Сурина, «Кронос-Павлодар» ЖШС заңгері:
Құрылыс монтаждау жұмыстарын жүргізуге ресми рұқсат алдық. Онда Ертіс өзенінен біздің суармалы алқапқа дейін құбыр тартуға болады деп көрсетілген.
Рұқсат құжатын берген Ақсу жер қатынастары бөлімі іс сотта қаралып жатыр деп сұқбат беруден бас тартты. Ал, балық шаруашылығындағы 30 шақты адам жұмыссыз қалудан бұрын, тоғанға жіберілген мыңдаған балықты қырып аламыз ба деп алаңдаулы.
Анатолий Заяц, балық өсіруші маман:
Былтыр 495 мың ұсақ шабақ жібергенбіз. Қазіргі бағасы 150 теңгеден. Ал биыл 300 тонна балық тапсыруымыз керек. Балықтарды күн ысып кетпей Ребровкадағы тоғанға ауыстырмасақ түгел қырылып қалуы мүмкін. Қып-қызыл шығынға батамыз.
Осы материал дайындалып жатқанда облыстық соттың аппеляциялық алқасы бірінші инстанция шешімін күшінде қалдыру жөнінде үкім шығарды. Бірақ, Ақсу қалалық жер қатынастар бөлімі енді Жоғары сотқа арызданбақ.
Болат Аманбаев