Айғыржал ауылындағы жалғыз мектеп жабылып қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Айғыржал ауылындағы жалғыз мектеп жабылып қалуы мүмкін

17.05.2021

Қарағанды облысындағы Айғыржал ауылындағы мектеп жабылып қалуы мүмкін. Ауыл жұрты үшін жалғыз жұмыс көзі болған білім ошағы жұмысын тоқтатса, елдімекен де қаңырап қалмақ. Онсызда тұрғындардың жаппай қоныс аударуы салдарынан білім ордасында 23- оқушы ғана қалған. Жеке шаруашылықпен айналысатын азғантай жұрт сырттан отбасыларды көшіріп әкеліп, бала санын көбейтіп әлек.

Айғыржал ауылын әлі де сақтап қалу үшін жергілікті азаматтар қолынан келгенін істеп әлек. Бірақ, халықтың жаппай қоныс аударуы жағдайды ушықтырып , тығырыққа тіреді. Алдымен 9 жылдық болып қысқарған Маясар Жапақов атындағы мектеп енді мүлде 4 жылдық болып қысқаруы мүмкін.

Айым Амангелді, Айғыржал ауылының тұрғыны:
Осы ауылды ұстап тұрған мектептің жабылмағанын қалаймыз. Алда балалар жинайтын боламыз, бала саны көбейеді.

Мектептің материалдық – техникалық базасы да жақсы. Ұстаздық құрам да толық. 14 сынып, спорт залы мен кітапхана және шағын балалар орталығы бар. Әр сыныпта бірлі-екілі оқушының отырғаны болмаса, білім деңгейіне де шағым жоқ.

 Бекзат Маясаров, мектеп оқушысы:
Мектептің жабылмағаны жақсы болар еді, себебі ауылдың көбі осында жұмыс істейді. Техникалық толық жабдықталған. Заманауи техника бәрі бар, қалыптасқан.

Аудандық білім бөлімінің мамандары болса үкіметтің қаулысы негізінде қазір ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.

Елдос Жарылғапұлы, Шет ауданы білім бөлімінің басшысы:
Әрине бізде түсінеміз халықтың жағдайын, балалар оқуы керек. Бюджетке қарап, ақылдасып, халықты шулатпай ұстап келеміз. Биыл да сол жағдай бірақ жыл соңында әркім жұмыс қорытындысы бойынша халыққа түсіндіреміз. 

Биылдыққа амалдап мектепті 4 жылдық етіп алып қалу жоспарда бар. Ал жоғары сынып оқушылары 15 шақырым жердегі Өспен ауылына қатынайды. Оған арнайы көлік бөлінеді. Бірақ, ұстаздар қысқарса, тұрғындар үшін бұл ыңғайсыз. Ауылдағы 100-ден астам тұрғынның бірқатары осында еңбек етеді.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу