Еліміздегі жер сілкінісінің алдын алу шаралары қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі жер сілкінісінің алдын алу шаралары қандай?

11.04.2023

Жыл басталғалы ел ішінде 9 рет жер сілкінісі тіркелген. Негізінен 3-4 балдық дүмпулер. Ал, алапат зілзалала бола қалған жағдайда не істеу керек? Қазақстанда бұл қатердің алдын алу шаралары қандай? Сенат құтқарушыларды халықаралық деңгейде дайындайтын мекеменің жұмысын күшейтуге бағытталған заңды мақұлдады.

Қазіргі жаңартылған сейсмикалық карта бойынша еліміздің оңтүстік және шығыс аймақтарында қауіп жоғары. Мұнда жер сілкінісінің қуаты 9-10 балға дейін жетуі мүмкін. Ал, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау облысындағы дүмпу күші алты балға дейін барады. Ал, қалған өңірлер қауіпсіз аймақта.

Түркия мен Сирияда болған зілзаладан Қазақстан қандай сабақ алды? Болжамды жер сілкінісіне дайын ба? Мұны Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасарынан сұрап көрдік. Материалдық болмаса да моральдық тұрғыдан дайынбыз, дейді. Дегенмен, ведомство дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайтуға бар күшін салмақ.

Ибрагим Күлшімбаев, КР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары:

Жоспар бойынша жұмысты нақты бекіту үшін біз биыл үлкен республикалық оқу-жаттығуды осы биыл күзде Алматыда қыркүйек айына жоспарлап отырмыз. Жалғыз қазақстандық құтқарушылар ғана емес көрші мемлекеттен де құтқарушылар шақырып.

Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы Төтенше жағдайлар мен апаттар қаупін төмендету орталығы қазір жұмыс істеп тұр. Осы кезге дейін қауіп-қатерді азайту мақсатында 30-дан астам жоба жүзеге асып келеді. Оның 11-і Қазақстанның дамуына тікелей үлес қоспақ. Алматыдағы орталықта екі елден бес-бес адамнан еңбек етеді. Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың сөзінше, нысанда 1500-ден аса құтқарушы жоғары дайындықтан өткен. Айтып келмейтін апат кезінде бұл да бір жыртыққа жамау болмақ.

Алматы сейсмикалық тұрғыда да ерекше деп танылған қала. Соған қарамастан таулы жерлердегі заңсыз құрылыс тоқтар емес. Салдарынан алма бақтары жойылып жатыр. Осылай деген сенатор Андрей Лукин жер беруге мораторий жариялауды сұрады. Сейсмологтар да дабыл қағып отыр. Алда жалда жер сілкінісі бола қалса нысандар жермен жексен болады, дейді.

Андрей Лукин, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

Жеке құрылыс компаниялары кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жариялануын жамылып, жер телімдерінің нысаналы мақсатын шаруа қожалығынан жеке тұрғын үй құрылысына ауыстырып, кейін тау етегіне жақын жерлерде көпқабатты тұрғын үй кешендерін салып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл аумақтардағы құрылыстар техногендік сипаттағы жер қабатының көшкініне әкелуі мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеді. Өйткені мұндай аумақтар күрделі құрылысқа жарамайды.

Алматы 10 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін деп болжанған әлемдегі жалғыз қала. Мегаполисте қауіп жоғары болғандықтан, 12 қабаттан артық үй салмау керек деген ереже бар. Қала берді мамандар тарапынан мұндай жерлерде нысандарды бір-біріне жапсыра салмау керегі де ұсынылды.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу