Оңтүстік Кореяға заңсыз кірген Қазақстанның екі азаматын елге қайтару мүмкін емес. Оларға қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, олар: елге кіру туралы заңды бұзу, ел аумағында заңсыз болу және әуежай объектілері мен құрылыстар туралы заңды бұзу, материалдық залал келтіру. Қазір жерлестеріміз Инчхон қаласында қамауда отыр. Бұдан бөлек, ведомство өкілі, Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтарды жаппай жұмыстан шығару туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
Оңтүстік Корея заңнамасына сәйкес, тергеу шаралары үш айға дейін созылуы мүмкін. Осыдан кейін іс прокуратураға жіберіледі. Осыған орай, тергеу мүддесі үшін Оңтүстік Кореяның құзыретті органдары істің егжей-тегжейін ашпай отыр.
Бұдан бөлек, Иракта заңсыз жұмыс істеген Қазақстанның 20 азаматы ұсталған. Қазақстан елшілігі қолға түскен жерлестерімізді соттың қарауынсыз депортациялау туралы келісімге келген. Қазір олар айыппұл төлеп, Ирак аумағынан шығып кетті, деді Айбек Смадияров.
Асылбек Данияр