Алматыдағы нысандардың 33%-ы заңсыз салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы нысандардың 33%-ы заңсыз салынып жатыр

10.04.2023

Алматыдағы нысандардың 33%-ы заңсыз салынып жатыр. Ең қауіпті аймақ - Медеу, Наурызбай және Бостандық аудандары. Қоғамды алаңдатқан мәселе әлі де нақты шешімін таппай келеді. Әсіресе, таулы жерлерде қауіп жоғары. Экологтар құрылыс осылай тоқтаусыз жалғаса берсе, табиғи апатқа алып келуі мүмкін деп дабыл қағып жатыр. Қуан Нұрақын жалғастырады.

Медеу шатқалындағы мына жерде осыдан үш жыл бұрын тау көшкіні жүрген еді. Топырақ сырғымасының жалпы көлемі 7 мың текше метрден асты. Абырой бюолғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Апат айтып келмейді. Мамандар табиғат тосын мінез танытып, толассыз жауын жауса, тауды аймақтарда көшкін жүру қаупі жоғары екенін айтады.

Эколог Тимур Елеусізов су және кәріз жүйелерінің болмауы да таудың сырғуына басты себеп дейді.Қалдық су жерге сіңіп салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, көшкін қаупін тудырады.

Тимур Елеусізов, эколог:

Таулы аумақта топырақ сусымалы келеді. Кәріз жүйесі болмағандықтан, үйден шыққан су жерге сіңіп жатыр. Бұл ерте ме, кеш пе табиғи апатқа әкелуі мүмкін. Бұл мәселені 10 жылдан бері көтеріп келеміз.

Соңғы кезде таулы аймаққа үй салуға тұрғындар тарапынан қарсылық көбейді. Соған қарамастан, құрылыс жалғасып жатыр.

Қуан Нұрақын, тілші:

Ал мына жерде 2-3 қабатты үйлер салу үшін бірнеше гектар алма ағашы оталған. Құрылыс компаниясы,тіпті, жертөленің аумағын да дайындап қойған. Алайда қоғам белсенділері тарапынан қарсылық туып, жұмыс тоқтап тұр.

Мына нысанда құрылыс қарқынды жүруде. Қоршаудың сыртында ешбір құжаты жоқ. Өзін учаске басшысымын деген азамат не салынып жатқанын ашып айтпады.

Депутаттар расында Алматы қаласында жағдай күрделі екенін айтады. Барлығы құрылыс нормаларын сақтап отырған жоқ дейді. Есесіне тұрғындарға қауіп төніп тұр.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Сел қаупі туындайтын тауға кетіп бара жатыр. Өкінішке орай, жер кодексі сәулет, қала, құрылыс нормаларын сақтап жатқан құрылыс компаниялары жоқ. 33% соғылып жатқан құрылыс объектілері заңсыз. Себебі, сейсмиқауіпті техтоникалық аймақтарда соғылған.

Төтенше жағдайлар министрі бұл мәселеден хабардар. Қауіп бар екенін жасырмайды. Алайда жергілікті атқарушы органдардың жұмысына араласа алмайтынын алға тартты.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

2014 жылдан бері біз жер туралы жобаларды талқылауға қатыса алмаймыз. Алматыда ұзақ жыл тұрған адам ретінде мәселені түсінемін. Мердігерлердің көбісі заңсыз құрылыс жүргізіп жатыр. Бұрынғыдай біздің өкілеттілігімізді қайтарғанын қалаймыз.

Тимур Елеусізов мәселені шешу үшін жер туралы комиссияның құрамына Төтенше жағдайлар министрлігін қоса алғанда бірнеше құзырлы орган кіруі тиіс деген пікірде. Сол кезде ғана бармақ басты, көз қысты тірлікке тосқауыл қойылып, құрылыс талапқа сай жүргізіледі дейді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу