Түркістан облысында егістікке су жетпей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында егістікке су жетпей жатыр

07.04.2023

Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал ауданындағы диқандар көктемгі егіске кеш кірісті. Себебі ағын су жетпей жатыр. Салаға жауаптылар мұның себебін көрші елдерден келетін су көлемінің азайғанымен түсіндіреді. Сапасыз салынған каналдар да жағдайды қиындатып тұр.

Мынау шлюздері ұстамайды. Қойып кеткен шлюздері. Қаппенен қаптап жатырмыз. Бұл да болмайды.

Мырзашөл өңіріндегі жергілікті каналдар 2012-2018 жылдары жөндеуден өткен. Бұл үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. Бірақ, шаруалар осы каналдардан қажетті мөлшерде су ала алмай отыр.

Бауыржан Мырзабасов, шаруа:

Шлюзіміздің жөнді істелмегенінен судың бері қарай зәктеп ұруы мына диқаншылықты құртады. 10-15 соттығымызды құртады. Зәктеп ұрып тас қылып қатырып тастайды. Сол мынау егіп қойған егіннің бәрі қатып сарғайып өледі.

Су ағысын тежейтін құрылғылардың сапасыз болғанынан жүздеген диқан зардап шегіп отыр. Олардың кейбірі егістік алқапты арнайы су сорғылардың көмегімен суаруға мәжбүр. Бұл олар үшін артық шығын.

Орынбасар Тастанов, «ҚазСуШар» РМК облыстық филиалының өндірістік бөлімше басшысы:

«К-30» каналы бойынша туындаған мәселелер көп. Дұрыс, оны біз бірнеше мәрте көрдік. 6 млрд 78 млн теңге қаражат бөлініп оның 3,6 млрд теңгесін «Кернеу» ЖШС қаржы жұмсап, 2,4 млрды қап кеткен. 28 отводтың ішкі жүйедегі Кернеу жасап 28-і сапасыз салынған.

Жетісай ауданынның Мақталы ауылдық округіндегі шаруалар да суға жарымады. 1400 гектар жерді бір ай бұрын жыртып тастаған. Бірақ, кейбір шаруалар, жер сорын шаймақ түгілі әлі алғашқы суды да алмаған.

Оспан Асанов, Жетісай аудандық Фермерлер одағының төрағасы:

Кепкен соң мен майдың ақырында ексем соры көтеріліп кетеді шит шықпай қалады. Жата береді. Оған кім кінәлі болады? Менің мақта егіп келе жатқаныма 25-30 жыл болды оның бәрін білемін. Мен соған шырылдаймын ғой суды еретек әкеліп беріңдер ертек суарайын деймін.

Диқандардың сөзінше, биыл су 1-1,5 айға кеш берілген. Аудан басшылығы бұл жөнінде хабардар. Себебін де біліп отыр.

Тұрышбек Елшібаев, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:

Шын мәнінде Тәжікстан 1 аптаға жуық су бермей қойды. Одан Өзбекстан. Өйткені барлығы бірге суарды көрші республикалар. Сол себептен су жетпеді. Мынау Мақтарал, Жетісай аудандарына тиісті 120 куб су келуі керек еді, өкінішке орай ол су келмеді. 90 куб келді.

Фермерлер өздерін қинаған мәселелерді қағазға жазып, құзырлы органдарға жіберіп жатыр. Бірақ проблема нақты қашан шешілетіні әзірге белгісіз.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу