Басты Жаңалықтар Қостанайлық ұстаз Ектерина Гедзур балаларға қазақ тілін насихаттайды

Қостанайлық ұстаз Ектерина Гедзур балаларға қазақ тілін насихаттайды

Қостанайлық жас ұстаз Екатерина Гедзур қазақ тілін насихаттап жүрген белсенділердің бірі. Бастауыш сыныптың мұғалімі қоғамдық жұмыстың да бел ортасында. Орыс мектебінде жұмыс істесе де, қазақ тілін шәкірттерінің санасына сіңіріп, оның маңызы мен пайдасы жайлы жиі әңгімелейді. Екатерина Гедзур Солтүстік Қазақстан облысындағы шағын ауылда дүниеге келген. Қазақ тілін кішкентайынан үйреніпті. Орыс мектебінде оқыса да, 7-сыныптан қазақ тіліндегі сайыстарға қатысып топ жарған. Бұл өзім оқыған мектептегі ұстаздарымның еңбегі. Қазақ тілін үйренуім – менің барлық жетістігімнің бастауы дейді өзі.

Екатерина Гедзур, мұғалім:

Мен қазақ тілін білмесем, сіздің алдыңызда тұрмас едім. Жоғары оқу орнына түскенде көп көмегі тиді тіл білгенімнің. Әртүрлі шараларға қатысып танымал болдым. Еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген достар таптым.

Қостанайдағы жоғары оқу орнын тәмамдаған Екатерина 2019-шы жылдан бері Тобыл қаласындағы гимназияда бастауыш сынып мұғалімі. Ұжымында үлкен сый-құрметке ие.

Зүлфия Досанова, гимназия директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары:

Аудандық деңгейдегі іс-шараларға ол кісін біз жүргізуші ретінде шақырамыз. Абыроймен алып шығады. Қазақ тілінде өте таза сөйлейді. Ораторлық қасиеті де бар.

Ектерина Абайдың қара сөздерін, тарихи әдебиеттерді оқығанды ұнатады. Осылайша үнемі өз білімін шыңдап келеді. Себебі Екатерина үшін тіл қатынас құралы ғана емес, бірліктің, елдіктің діңгегі.

Дәуренбек Әбдібек


Бөлісу