Финляндия ресми түрде NATO ұйымының 31-мүшесі болды. Елдің туы салтанатты түрде ұйымның Брюссельдегі штаб пәтеріне ілінді. Салтанатты рәсімге NATO-ның бас хатшысы, Финляндия Президенті мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен қатысты. Блинкен, АҚШ Финляндияны NATO-да құшақ жая қарсы алатынын айтса, Ұйымның бас хатшысы Столтенберг 4-сәуір символдық сипатқа ие екенін мәлімдеді. Себебі, 1949-жылы дәл осы күні Солтүстік атлантикалық альянс құрылған. Скандинав елі әскери Одаққа кіруге былтыр мамыр айында өтініш білдірген. NATO-ның 74 жылдық тарихында қысқа мерзім ішінде мүшелікке қабылданған мемлекет ретінде тіркеліп отыр.
Йенс Столтенберг, NATO бас хатшысы:
Финляндияның NATO-ға мүше болуы ел үшін, Скандинав түбегінің қауіпсіздігі үшін, жалпы NATO үшін жақсы. Осындай қиын кезеңде Одақтастар өте маңызды. Бүгіннен бастап біз біргеміз және жақын арада Швецияның да мүшелікке өткенін асыға күтеміз.
Саули Ниинистё, Финляндия Президенті:
Бұл біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін үлкен жеңілдік. Бастысы, фин халқы бұдан былай өздерін қауіпсіз сезінеді, әрі тұрақты Еуропада тұрып жатқанын ұғынады. Біз үшін осы маңызды.
Нұрсұлу Қасым