Қазақстандықтар үшін Кореяға кіру қиындай түсуі мүмкін. Түркістандық екі азаматтың әуежайдан қашып, елге заңсыз жолмен қайту оқиғасынан соң оларға қарсы тексеріс күшеюі ғажап емес. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Ал Кореяны шулатқан екі азаматтың жағдайы қалай? Сонда жұмыс істеп жүрген өзге жерлестеріміз не дейді?
Оңтүстік Кореяда жоғары жалақы үшін жалданып жұмыс істейтін шетелдіктер көп. Түркістандық екі жерлесіміз де аз уақытта көп ақша таппақ ниетте Инчхонға кеткен еді. Алайда құжатынан шикілік шыққандықтан кері қайтудың орнына, әуежайдан қашып, елге заңсыз кірген.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
Бұл жағдай Оңтүстік Кореяда қоғамдық резонанс тудырып, жергілікті БАҚ өкілдері жарыса жазды. Бұл құқық қорғау мен миграциялық органдардың елге Қазақстан азаматтарының заңсыз кіруіне қарсы күресін күшейтуге түрткі болуы мүмкін. Тіпті Кореяға кіру тәртібі де қатаңдауы ғажап емес.
Талап күшейіп, заңсыз мигранттарға қарсы күрес күшейтілсе Кореяда жүрген жерлестерімізге қиын болғалы тұр. Сеуілде үш жылдай жұмыс істеген Бейбіт, сондағы отандастарымыздың дені заңсыз жүргенін айтады.
Бейбіт Қажымұқанұлы, Алматы облысының тұрғыны:
Кореяға барған Қазақстандықтардың көбі 99 пайызы, 90 дейікші жарайды заңсыз жүргендер. Себебі бізде екі мемлекеттің арасында ортақ келісім-шарт жоқ. Ешқандай мәміле жоқ.
Сондықтан отандастарымыз бір айлық туристік визамен барады, кейін қалып қояды. Осылайша ел шекарасын заңсыз кескен түркістандық екі жігіт Корея полициясына ұсталып, кінәларын толық мойындаған. Бірі Нарзуллаев Умижан 21-де, екіншісі Рысбаев Нұрсұлтан небары 18-де. Корея полицейлерінен үш күн бойы жасырынып, кейін өзі берілген. Қазір оның әкесі ұлымен байланысқа шыға алмай отыр. Соңғы рет сөйлескенде айтқаны мынау.
Омаров Руслан, Нұрсұлтанның әкесі:
Тіл білмеймін деді. Ақшам таусылған дейді. Кімге айтарымды білмеймін дейді. Сонымен бір жерде жатырмын, бір квартираны қасындағы баланың ақшасына снимать етіп алған сол жерде қалған, сонда жатыр. Кімге шығуымды да білмей жатырмын дейді.
Досжан Маратұлы, тілші:
Десе де бұл жағдай еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Кореядағы дипломаттарымыздың назарында. Олар жерлестермізге қолдан келгенше жан-жақты көмек көрсетпек. Сондай-ақ министрлік Кореядағы осы келеңсіз жағдайдан кейін сонда жұмыс істеп жүрген жерлестеріміз жұмыстан қуылып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.
Досжан Маратұлы