Қостанайдағы Президент резиденциясы енді оңалту орталығына айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайдағы Президент резиденциясы енді оңалту орталығына айналады

31.03.2023

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қостанайдағы Президент резиденциясы енді оңалту орталығына айналады. Мұнда психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған және тірек-қимыл қозғалысына зақым келген балалар ем қабылдайды.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл резиденция аумағындағы бұрынғы облыс басшылары тұрған үйлердің бірі. Кәдімгі тұрғын үйден айырмасы жоқ. Мынау ас бөлме, оған жалғасып жатқан қонақ бөлмесі. Бұдан әрі қарай тағы бір қонақ бөлмесі тұр. Ал екінші қабатта бірнеше жатын бөлме орналасқан. Жалпы Тобыл өзенінің жағасында тұрған резиденцияның жер аумағы 21 гектар. Енді сыртқа шығып көрейік. Резиденция аумағында барлығы 6 тұрғын үй және бір санитарлық корпус бар. Олар мүмкіндігі шектеулі жандардың ыңғайына сай жаңартылады. Жаңа орталық бір мезетте 120 адамды қабылдай алады. Ал Қостанай облысында қазір 2 мыңға жуық бала мүгедек ретінде тіркеуде тұр.

Әлия Мекебаева, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

Соның ішінде 600 балаға оңалтудан өту туралы медициналық ұсыным берілген. Жаңа орталық мұқтаж жандарды бұрынғыдан көбірек қабылдауға және оңалту мерзімін 14 күннен 21 күнге ұзартуға мүмкіндік береді.Орталықта әлеуметтік емдеу-сауықтырудың 8 түрі көрсетіледі.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Резиденцияның ауласы да абаттандырылып ойын алаңдары, бассейн салынады. 70 жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа орталықты жабдықтауға қанша қаржы бөлінетіні және оның өз жұмысын қашан бастайтыны әзір беймәлім. Қостанайдан басқа төрт облыста осындай Президент резиденциялары да балаларға берілетін болған.


Хабарламаларға жазылу