Ақтөбеліктер екі аптадан бері қарғын сумен арпалысып жатыр. Бұған дейін Қобда, Ойыл аудандарында 100-ден аса үй суға кеткен болатын. Ал, өткен түнде Қарғалы өзені арнасынан асып, Ақтөбе қаласындағы 20-дан аса баспана су ортасында қалды. Жүзге жуық тұрғын жедел түрде эвакуацияланды.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл үйлер Қарғалы өзенінен 100 метрдей жерде ғана орналасқан. Арнасынан асқан өзен суы маңайға лезде жайылды. Тұрғындарға көмекке келген мына арнайы техниканың өзі ешқандай қауқар көрсете алмады.
«Қарғалы» бау-бақша ұжымы деп аталатын бұл елдімекеннің тұрғындары кеше кештен бері әуре-сарсаңға түскен. Өзен жағалауы топырақпен бекітілгенімен, оны қатты ағыс лезде бұзып өтіпті. Төмен орналасқан үйлер бірден су ортасында қалды. Тұрғындар жергілікті билік дер кезінде қимылдағанда тасқынның алдын алуға болатын еді дейді.
Ахметжан Жұбаев, тұрғын:
Құм салып еді, онымен бесполезно болды бәрі.Шайып кетті, үстінің бәрін. Жүре алмады бұлар. Солдаттар, бәрі келіп еді, бірақ істей алмады дұрыс.
Мейрамбек Кенжеғұлов, тұрғын:
Суды жаратын еді қыстыгүні. Жайлап-жайлап жіберетін еді жазғытұры. Сразу жібергесін осылай болып жатыр. Өмірі былай болмаған еді. 17-де солай болды.
Қарғалы өзенінің жағалауындағы ондаған үйге су кірді. 95 адам эвакуацияанды. Оның қырығы бала. Тұрғындардың айтуынша, 2017-інші жылы да дәл осылай үйлері суға кеткен. Ол кезде қала билігі зардап шеккендерге қауіпсіз ауданнан жер телімі беріледі деп сендірген. Алайда, ол уәде орындалғанша, екініші мәрте суға кеттік деп налиды жұрт.
Шынаргүл Ақбалиева, тұрғын:
Алты жыл болды, жылда көтеріледі. Көтерілген сайын осылай эвакуациямен шаршаймыз. Халық бәрі үрейленеді. Нақты қазір 30 үйдің 24-і суға кетіп тұр. 24 семья қайда барады қазір?
Бұл аумақ саяжай болғанымен, көбінде баспана құжаты бар. Қазір мұнда Төтенше жағдайлар департаменті мен коммуналдық мекеменің жұмысшылары жүр. Әзірге сау тұрған үйлердің айналасы құм толы қапшықтармен қоршалып жатыр. Бұл жұмысқа сарбаздар тартылған.Дегенмен, су деңгейінің тағы көтеріліп барады. Енді өзенге жақын өзге елді мекендерге де қауіп төнуі мүмкін.
Мұрат Жөребеков, Ақтөбе қаласының әкімі:
Су келген жағдайда басқа садовический коллективке, жедел шараларды қабылдайтын боламыз. Енді зардап шеккен үйлерді осы шаралар біткеннен кейін қарастыратын боламыз, комиссия құрып.
Қазір мамандар судың деңгейін бақылап отыр. Төменде орналасқан аумақтарға инертті материалдар жеткізілуде. Егер судың деңгейі түспесе, бүлінген баспана мен шығын көлемі артуы мүмкін.
Жақсыбек Кемал